Бейімбет Майлин
Бейімбет Майлин (1896 ж. Қостанай обл. , Таран ауд., - 1937 ж.) - жазушы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Әкесі Жармағамбет те, атасы Майлы да кедей адамдар болған. Жастай жетім қалған Бейімбет шешесі Құлғизар мен әжесі Бойдастың тәрбиесінде өседі. Әжесі Бойдас кезі келгенде өлең де шығарып жіберетін сөзге ділмар жан болған. Бұл үйде ақындар, жыршылар жиі қонақ болып, ұзақ таңға небір дастандар жырналып, суырып салма айтыстар болып, өлеңдер айтылып тұрған.
Оның үстіне шығыстыңқиссаларын жақсы көретін әжесі кейіннен Бейімбет ауыл молдасынан хат таныған соң оған ұзақтаңға жыр!дастандар оқытып, тыңдайтын болған. Осының барлығы жас Бейімбеттің сөз өнерін сүйіп, әдебиет жолына түсуіне ықпал жасады. Әуелі ауыл молдасынан сауат ашқан Бейімбет кейіннен Арғынбай қажының медресесінде екі жылдай дәріс алады. 1913 ж. Троицкідегі «Уазифа» мектебінде, оны бітірген соң Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқиды. Медреседе оқып жүргенде татардың Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сияқты белгілі жазушылармен танысады. Осында шығып тұрған «Садақ» атты қолжазба журналға белсене араласып, өзінің алғашқы прозалық туындысы, «Шұғаның белгісі» әңгімесі жариялайды.
Өлеңдері «Айқап» журналында басқа да басылымдарда шыға бастайды. Осы жылдарда ол қазақ, татар, башқұрт, орыс әдебиеттерімен кеңірек танысып, әдеби сауаты арта түседі. Денсаулығына байланысты Майлин медресені аяқтай алмай, 1916-1921 ж. ауылда бала оқыту, мұғалімдікпен айналысты. Осы кездерде 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалысына арналған, төңкерістен кейінгі кездердегі қазақ аулының тұрмысын суреттейтін бірсыпыра өлеңдер жазды.