Хамза Есенжанов

Әдебиетiмiздiң тарихында өзiндiк орны бар белгiлi қаламгер Хамза Ықсанұлы Есенжанов қазақ халқына талай тың дүниелер сыйлады. «Ақ Жайық» трилогиясы кезiнде оқырманды елең еткiзген кесек туынды болатын. Ол қандай тақырыпта жазса да оқырманын бей-жай қалдырған емес. Төменде ақын Әбу Сәрсенбаевтың 1979 жылы қаламгер iнiсiнiң 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған мақаласын стилiн сақтай отырып оқырман назарына арнайы ұсынып отырмыз. Мақаланы редакцияға әкелiп тапсырған Әбекеңнiң жары — Райхан жеңгей. Әбу СӘрсенбаевЖалпы қазақ әдебиетiн, оның iшiнде романдар саласын әңгiмелер болсақ, Мұхаң, Сә-бең, Ғабең, Ғабиден бастаған әулеттi шоғырдан кейiн есiм-дерiн атамай өтуге болмайтын тағы да бiр топ әдебиет жұлдыздары бар. Бұлар бозбалалық шақтарынан бастап-ақ сонау әулеттi шоғырларды саялай, солардан үйрене жүрiп, балапан прозамыздың iргесiн қаласуға септiгiн тигiзген Саттар Ерубаев, Ғабдол Сланов, Зейiн Шашкин, Хамза Есенжанов топтары.

Әрине, бiрден жетiлiп кетпеген-ақ шығар. Әйтеуiр қанатымен су сепкен қарлығаш болғандары хақ. Осылардың арасынан Зейiн Шашкин әдебиеттiң қасиеттi ордасына бет түзеген алғашқы адымдарын сонау 1927 жылдан бастаса да, өз тiлектерiнен тыс ұзақ мерзiм үзiлiс жасауға мәжбүр болды. Сөйтiп әдебиетке қайта оралар сапарларын елуiншi жылдардан бастаған бұл екi қаламгер өкiнiштi жылдардың есебiн қайтармақ болғандай ерен қимыл жасады. Шабыттары да қайту теңiздiң жаңадан тасуы iспеттес ақ толқын өрiп, дарын арнасын кемерледi. Бөгелiп қалған бұлақ көзiнiң мұндай күштi серпiн жасауы табиғи заңдылық та шығар-ау. Әйтеуiр осы бiр қос дарын аз ғана мерзiм iшiнде оқырмандар сезiмiн ұйытып аларлық шебер де, өнiктi де жазып, ортадан оза көрiнiс бердi. «Тоқаш Бокин», «Доктор Дарқанов», төрт кiтап-тан тұратын «Ақ жайық» романдары қазақ совет прозасын шырайландыра да, шоқтықтандыра да түстi.Бүгiнгi сөз — жасы жетпiсте, сонау 1928 жылғы тұңғыш әңгiмелерiнен бастасақ қаламгерлiк сапарына жарты ғасыр толған, көпсалалы тарихи романдардың авторы Хамза Есенжанов төңiрегiнде ғана болса керек едi ғой. Алайда дараламай, өскен ортасымен алған дұрыс шығар. Жаңылмасам, Хамза Есенжановты ең алғаш 1930 жылдары қазақ ғылымының қара шаңырағы Абай институтының әдебиет балапандарын аялайтын қасиеттi кең залында кездестiрсек керек. Бұл тұста үлкенде де, кiшiде де бәрiн бiлсем, бәрiне де үлгерсем деген қанағатсыз бiр ұмтылыс болатын-ды. Жаза ма, жоқ па бәрiбiр, әйтеуiр бiр жақсы лебiз тыңдауға құштарланғандар Абай институтының кең залындағы жиындардан қалмауға тырысар едi. Осындай кеңестердiң бiрiне «Еңбекшiқазақ» газетi редакциясынан Ғали Орманов, Әбдiрахман Мусин, Ғабдол Сланов төртеуiмiз бара қалдық. Әбдiрахман қысылып-қымтырылуды бiлмейтiн, ашық-жарқын адам болатын. Бiздi қолтықтап барып, шеттеу тұрған бiр топ жас жiгiттермен таныстырды. «Менiң ағаларым…» Қiл бiр таза киiнген сындарлы сұлу жiгiттер кiшiлiк iзет бiлдiрiп, қолдарын ұсынды. Шалғайдағы қалыңқы ауылдан таяуда келген қысылшаң кезiм, аты-жөнiмдi өзiме де естiлер-естiлмес ерiн ұшымен ғана күбiрлеп ұяң сәлемдестiм. Шүйiркелесiп те үлгерген жоқ едiк, екiншi есiктен шалқақтай адымдап шыққан шағын бойлы, жалтыр шеке қара жiгiт сәл қарлығыңқы жарқыншақ дауыспен, тiстене ашу бiлдiрдi: «Әй, Хамза, Тайыр, Мұқаметжан, Сағыр, қашанғы күтемiз…» Өзгелерi бiрден кiлт бұрылды да, кермеге қоярдай сындарлы сұлу, талдырмаш жiгiт менiң Әбдiрахман iнiмнен қолын босатып ала алмай, сәл кiдiрiп қалған едi. Ашулы қара тағы да дауыс көтердi. «Әй, қураған, мына бiреу кiм өзi? Бөгеме анау кербездi.

Сұлудың бәрi қыз емес…» Оң қолын ендi ғана босатып алған сындарлы жiгiт бұрыла берiп биязы ғана жымиды. «Ағатай-ай, тентексiң-ау…» Алдыңғылардың бiрi жалт бұрылып, көзiне түскен кекiлiн желкесiне қаға тастап, жұлып алғандай шекесiнен қарады да, сындарлы жiгiттi асықтырды. «Пай, шандозым-ай, сұлудай сыланбай болсаңшы. - Мынау қара бақсы түтеп тұр… Бiздер түгiл төбемiздегi мықтының өзiн түтуге дайын…» Кербез басын шұлғып, арқаға қақты. «Әй, ақиығым-ай, кiл бiр осылай сөйлейсiң-ау…»Толық танысып үлгiрмеген алғашқы дидарласуымыз осылай аяқталған едi.

Бұдан кейiн сол жiгiттердi үнемi институт манында, театр залында, Жазушылар одағында көретiн болдым. Кейде дуылдаса келiсiп «Еңбекшiқазақ» редакциясына да кiрiп шығады. Мүмкiн ретi де солай келетiн-дi, тiптi топтарын жазбайтын. Бұлардың бiрiн-бiрi әзiлмен қағытатын жарасымды мiнездерiне, шынайы достық-тұтастығына, бiр сөзден-ақ аңғарылып тұратын бiлiмдарлығына сүйсiне қарар едiк. Қазақ астанасында келешегiнен үмiт күттiретiн осындай бiр шоғыр әулет өсiп келе жатты: «Әуелбек Қоңыратбаев, Сағыр Қамалов, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қажым Жұмалиев, Белгiбай Шалабаев, Зейiн Шашкин, Әбдiлдә Тәжiбаев, Есмағамбет Исмайылов, тағы өзгелер — бiрiн-бiрi толықтырып, бiрiмен бiрi жарасым тауып тұратын. Осы балаң дарындардың iшiндегi дене сымбаттысы да, бет пiшiннен көрiктiсi де Хамза болатын. Бұның сөйлеген сөзiнде де, ақырын жымиған әдемi күлкiсiнде де бiр табиғи биязылық жатар едi. Қүлген кезде бетiне ойнап шыққан жұқалаң қызғылт реңнен iшкi жан сұлулығы аңғарылатын-ды. 1936 жыл. 

ПредпросмотрВложениеРазмер
Hamza_Esemzhanov.rar151.91 КБ
0Нравится

Комментарии