Отбасындағы жанжал ұрыс керіс
Отбасындағы ұрыс-керіс келіспеушіліктер — оның қалыпты жағдайына ауыр соққы. Отбасылық ұрыстың түрі көп. Дауылдатып, шулатып, тына қалатын көктемгі нөсердей жеңілі де бар. Ренжісуден соң ұйқы жайсыз болады, көңіл жабырқайды. Ұрыс үстінде ерлі-зайыптылар бір-бірінен бұрын көрсетпеген мінездерін танытады. Екеуара қарым-қатынастың дамуына біржағынан алғанда мұндай қайшылықтың пайдасы да бар сияқты. Себебі, ерлі-зайыптылар бір-біріне өкпе-назын, ренішін жеткізеді. Ал соңынан майдалап кешірім сұрап, еппен шағын «шайқасты» әзілге айналдырады ашуланған жарын еркелетіп, татулыққа жетелейді. Осындай, ұсақ-түйек үшін ұрыс-таласты асқындырып алмаудың жайын ойлаған дұрыс.
Екі мінез-құлықтың нағыз соқтығысы да болады. Оны тоқтатуға енді әзіл-қалжыңңың әлі келмей қалады. Қарсыластар өзіне жақтастар жинауға кіріседі. Оның құрамына балалары, туыстары, достары кіреді. Әрқайсысы өзінің дұрыстығын жақтап, жеңілгісі келмейді. Бір-бірінен өш алу, есесін жібермеудің амалын қарастырып, қит еткенді жіпке тізіп, сыныққа сылтау тауып отырады. Мұндай кақтығыстар жанды жаралап, екі ортаға сыза түсіреді. Татуласқан күнде де бітеу жарадай сыздап, ойдан кетпейді. Ұрыстың бұл түріне маскүнемдік, отбасына опасыздық, тұрақсыздық, дөрекілік пен өшпенділік, отбасы мүшелеріне балаларына деген немқұрайлылық өз міндетіне жауапсыздық т. б. себепші болатындықтан «татулық та оңайлықпен қайта оралмайды. Солай бола тұрса да, отбасы татулығын сақтаудың жолдарын таба білуге тырысу керек.
Бұл істі белгілі ережелерді сақтай отырып, ақылмен жүзеге асыруға болады. Ол ережелер:
Бірінші: қақтығыстық неден басталғанын, себебін анықтау керек. Ең қиыны, ұрыс әбден өршігенде, алғашқы себебін анықтап көр. Алдымен себеп айтылады, ал оны өз қалпында түсіне қоймай, қарсыласып, ерегесіп бұрынғыдан да бетер дауды өсіре береді. Кім не үшін риза емес екендігін анықтаудан бастау керек. Ренішті жұбай—ұрыстағы негізгі тұлға. Ол отбасы шырқын бұзушы «агрессор» емес. Ол жәбірленуші және басқалардан көмек күтуші. Оны тек осылай түсінуіміз керек. Ал әрі қарай оны шын ниетімізбен, ойын жинақтап ңақты айтуға тырысқын.
Екінші. Ұрыстың негізгі себебімен, оны тудырушы фактіден ауытқымау керек. Барлық ренішті жағдайларды бір уақытта жиып-теріп шеше алмайсыз. Ұрыс неден шықты, ол туралы кім қалай ойлайтынын өзара кекетпей, мұқатпай тыңдап, көзқарастарын қалыпқа келтіруге, түсінісуге тырысу керек.
Үшінші. Қақтығыс кекетіп-мұқатып, бірін-бірі төмендету,- жәбірлеу түрінде емес, кеңесіп талдау түрінде өтуі қажет. Сол сияқты таласқа үшінші адамды, балаларын, туыстарын және таныстарын қатыстырмау керек. Олар еріксіз түрде біреуіне жақ болып, аралық тендікті бұзады. Әсіресе ата-аналарының «соғысы» балаларына қатты батады, сондықтан оларды араға түсірмей, керісінше, сездірмеуге, көрсетпеуге тырысу керек. Айқай-шусыз, дауыс көтермей, салмақты ақылдылықпен келісу керек.
Төртінші. Кешірімді болу. Қарсыласып ұрысты өршіте бермей, кей кезде өзін өзі тежеп, серігін тыңдауға тырысу керек. Серігінің кей пікірлерімен келісіп, оның қойған талабын орындаған дұрыс. Ал талап қойған адам өз бойына бір жола бағындырып алудың жолын ойламай жолдасының аз ғана мойын ұсынғанына қанағаттануы керек.
Жұбайлық өмірде және басқа да қарым-қатынастарда ашық түрдегі эгоизм, бірбеткейлік, кешірімсіздік келіспеушілікті тудырады және семьяның бұзылуына әкеп соқтырады.