РефератҚожа Ахмет Йасауи

Түркі халықтарының әдебиетіндегі сопылық ағым өкілдері және Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектептері

Қожа Ахмет Йасауи негізін салған хикмет жанры Орта Азиядағы түркі халықтары діни поэзиясының бастауы әрі негізгі жанры болып табылады. «Түркі тілді діни поэзия» дегеніміздің өзі сопылық поэзия болып табылатындықтан, тек йасауийа жолының ғана емес, нақшбанийа тариқатының түркі тілді өкілдері де хикмет жанрымен жырлауды үрдіс етіп алды. Діни бағыттың бүкіл ортағасырлық поэзиядағы басты бағыт болып саналатынын, ал «түркі халықтарының лирикалық позэиясы сопылық поэзия негізінде туындағанын (А.Бомбачи) ескерсек, көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев атап көрсеткендей, Әлішер Науаиге дейінгі Орта Азиядағы ақындық мектеп Қожа Ахмет Йасауи мектебі болғанына көзіміз жете түседі.
Сүлеймен Бақырғани. Йасауидің ақындық мектебінің ең көрнекті өкілі - Сүлеймен Бақырғани (Хакім ата). Йасауидің тікелей шәкірті болып табылатын бұл тұлғаның өмірімен шығармашылығы бірқатар зерттеулерге арқау болды. Бақырғани жайлы аңыздық деректер өте көп, біршама нақты мәліметтер де кездеседі. Хакім ата 1104-1186 жылдары өмір сүрген деп саналады. Ақын өмірінің алғашқы кезеңіне қатысты аңыздардың назар аударуға тұрарлық тұспалды мәні бар. Солардың бірі Құл Сүлейменнің Йасауиге мүрид болып, қызмет етіп жүрген кезімен байланысты. Бірде Қызырмен сұхбаттасып отырған Йасауиге тамақ әзірлеу үшін шәкірттері отын әкелуге шыққанда, жаңбыр жауып кетеді де, балалардың әкелген отыны су болып, тұтанбай қояды. Тек өз тонына орап жеткізген құл Сүлейменнің отыны ғана құрғақ болып шығып, тұтанып, ас дайындалады. Шәкіртіне разы болған Қожа Ахмет оған: «Хакімдік іс қылдың, сенің атың Хакім ата болсын» дейді. Осы сәтте балаға Қызырдың да назары түсіп, батасын бергендіктен, сол күннен бастап Құл Сүлейсменнің бойына бөлекше дарын бітіп, хикмет айта бастайды.[1.3б] Аңыздағы осы деталь ерекше назар аударуды қажет етеді: Йасауидің хикмет айтуы «Хактан пәрмен» арқылы болса, Бақырғанидің хикмет айта бастауы да Қызырдың батасымен байланысты болады. Шегініс жасап айта кету лэзім: «Киелі ілім, қасиетті өнер тылсым күштердің қолдауы нәтижесінде дариды» деген ұғым - қазақы ділдің де темірқазық құндылықтарының бірі. Ұлтымыздың арқалы ақындарының көпшілігінің өлеңге қадам басуы түсіне енген ақ сақалды қарияның (оны әдетте Қызыр деседі): «Өлең аласыңба, көген аласың ба?» деп таңдауды өзіне тастауынан басталады. Талапкер дарын ерікті-еріксіз өлеңді таңдайды да, ұйқыдан оянысымен өлеңдетіп жүре береді». Мән берілуге тиіс тағы бір нәрсе: Қызырдың назары түскен жан не өлеңді, не көгенді таңдауы керек, яғни өнер мен байлықтың бірін ғана алуға хақысы бар. Мұның өзі өнер жолына түскен жан дүнияуи игіліктерден бас тартып, рухани құндылықгарды насихаттау жолында барлық азап пен тауқыметке дайын болуға тиіс деген ұғымды білдіреді. Бұл да рухани кемелдікке жету үшін мал мен бақты тәрк етіп, саналы түрде кедейлікке - ғаріптікке түсетін, ел-жер кезіп, жоқшылық көріп, Хақ жолдағы уағыздайтын сопы-дәруіштердің жолы. Осы дүниетанымдық сәйкестіктерден қазақ даласындағы ақындық өнер мектебінің Йасауи дәуірінен бері үзілмей келе жатқаны, оның өкілдеріне заманалар бойы ортақ тағдыр, ортақ құндылықтар, ортақ ұстанымдар тән болып келгені аңғарылады.

ВложениеРазмер
Microsoft Office document icon kozha_ahmet_yasaui.doc186 КБ
Тип работы: 
Тема реферата: 

Добавить комментарий