РефератӨлкетану жұмыстарында қазақ халық педагогикасы құралдары арқылы оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру

 

Зерттеудің көкейкестілігі.Дүниежүзілік қауымдастықтың қазіргі кезеңдегі дамуында адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы экологиялық мәселелерді шешу жолын іздестіруді талап етеді. Адамзаттың жаҺандық дағдарысы жершарының экологиялық үйлесімділігінің жеке бөліктері болып табылатын аймақтық деңгейдегі мәселелерден туып отыр. Бұл жағдайда антропогенді өркениеттің қоршаған табиғи ортамен тиімді арақатынасын ұйымдастыруға бағытталған барлық әлеуметтік институттарын жұмылдыру қажет.  

Ел Президенті «Қазақстан – 2030» бағдарламасында табиғат жағдайының қиын кезеңде тұрғанын нақты атап өтіп: «...экологиялық нашар ахуал бүгінде адам өлімінің жиырма пайызына себеп болып отыр. Қоршаған ортаны ластаушыларға берік тосқауыл қойылу қажет», - деген болатын. Бұл мәселенің тиімді шешілуі мектепте оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беру арқылы олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру барысында мүмкін болатыны анық.

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «...білім беру жүйесі міндеттерінің бірі ретінде белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру» атап көрсетілген. Осы тұрғыдан келгенде, үздіксіз білім беру жүйесінің базалық буыны болып саналатын жалпы орта білім беру мектептерінің оқушыларына саналы тәртіп пен сапалы білім беріп, туған жерінің табиғатын қорғайтын мәдениетті тұлға етіп қалыптастырудағы атқарар рөлі зор екені даусыз.

Қазіргі таңдағы қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы жаңару процестері өткен тарихымыз бен мәдени мұраларымызды қайта қарауды, рухани құндылықтарымызды саралап, оны мектептің оқу-тәрбие процесіне ендіру арқылы оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Экологиялық мәдениетті халық педагогикасы арқылы қалыптастыруда өлкетану жұмыстарының мүмкіндіктері мол.

Өлкетану жұмыстары оқушылардың қоршаған табиғи құбылыстары мен заттары туралы, олардың өзара байланыс заңдылықтары туралы түсініктерін қалыптастыруға көмектесіп, өмірге деген қызығушылықтарын арттырады. Өлкетану материалдары қоршаған ортаға тікелей бақылау жасауға мүмкіндік береді. Ол туған өлке табиғатын, оның байлықтарын, даму заңдылықтарын, жергілікті жердің халқы мен шаруашылық түрлерін және олардың байланыстарын ұғынуға көмектеседі. Оқу-тәрбие процесінде халық педагогикасының құралдарын өлкетану жұмысында пайдалану арқылы оқушылар тек нақты білім мен ұғымды меңгеріп қана қоймай, дүниенің біртұтастығы мен әртүрлілігі, дамудың үздіксіздігі, өзара байланыс пен әрекеттестік, дүниенің нақты заттар мен құбылыстардан тұратындығын танып, олардың дүниетанымдық көзқарастары кеңейеді.

Тип работы: 
Тема реферата: 

Добавить комментарий