Қазақ тілін оқыту
Қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы сөз болғанда бұл проблеманың ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін жеке бөліп қарастырмаса болмайды.
Өйткені, қазіргі таңдағы көп жұмыс істеліп, жан жақты қарастырылып отырған проблема – орыс аудиториясында қазақ тілін оқыту проблемасы.
Сонымен қатар, бұл мәселе тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі бола келіп, қазіргі кезеңде өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.Орыс аудиториясында қазақ тілі сабағын жүргізу мәселесімен айналысып жүрген ұстаздар, тілшілер, ғалымдар көптеп саналады.
Олардың әрқайсысы әр түрлі мәселелерді қарастыра келіп, қазақ тілін оқыту саласының дамып, жетілуіне үлес қосуда. Бұл еңбектердің авторлары Ш.Х.Сарыбаев, И.В.Маманов, Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаев, Т.Аяпова, Ш.Бектуров, К.Сариева, А.Жүнісбеков, Ф.Р.Ахметжанова, М.Жанпейісова, Ф.Оразбаева, Қ.Бітібаева т.б.
Бүгін біздің алдымызда тұрған мақсат - өзге тілді аудиторияны қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірттердің Отанының қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ол үшін басын бәйгеге тігер тәуекелге баруы болып саналады. Сол сияқты, барлық отандастардың отанымен рухани және материалдық тығыз байланыста болуы, өзі өсіп - өнген аймаққа деген сүйіспеншілігі патриотизмнің қайнар көзі.