РефератДиуани хикмет.

...Ысқақ баба жұрыны, шейх Ибраһим Құлыны,

Машайықтар ұлығы - шейхым Ахмет Ясауи.

….Иасы оның арасы, жатыр гауһар парасы,

Машайықтар сарасы - шейхым Ахмед Ясауи.

Қожа Ахмет Ясауи түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орыны бар ұлы ақын, пәлсапашы. Түркістандық ғұлама, Йассауидың арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — «Диуани Хикмет». Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәфсирлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. «Диуани хикмет» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік- тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғ-дың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.

Йассауи хикметтерінің мәні – адам. Адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек. Бұл білімнің қайнары – хикмет. Хикметтерде адам жаратылысы – Жаратқан иенің ұлылығын көрсететін, көркемдігі жағынан ең жоғарғы кейіпте жаратылған болмыс екендігі айқын көрсетілген. Қожа Ахмет Йассауи хикметтерінде адамның табиғаты Құранда айтылғандай – су мен топыраққа телінеді. “Асылың білсең су уа кил (топырақ) және килге (топыраққа) кетер йа” – дейді ол. Сопылық мағынада “топырақ” – адамның жаратылыс табиғаты, парасаттылық пен қарапайымдылық. Ал, нәпсіқұмарлық, менмендік, өркөкіректік – адамды адамшылықтан кетіретін қасиеттер.

Жинақта бүкіл адамзатты толғандырған "Тіршілікті жаратушы кім?", "Өмір дегеніміз не?", "Адамның өмір сүрудегі мәні мен мұраты не?" – деген сұрақтарға Йасауи да жауап беруге тырысады. Йасауи хикметтері бойынша ғаламат ғарышты, шексіз өмірді, рух дүниесін жаратқан – құдірет пен хақ тағала. Ал адамның өмірінің мәні мен мұраты Алланың аманат етіп тапсырған рухани жанын дүние күнәсінен таза түрінде алланың өзіне о дүниеде қайтарып беру парызында деп түсіндіреді. Сөйтіп, адам Алланың тұтастығынан бөлініп жаралған тағдыр бола отырып, енді қайтадан сол тұтастыққа, Алламен рухани бірігуге дайын болуға тиіс деп табады. Хақ тағала сеніммен, рухани бірлікпен суарылған махаббаттың мазмұны жеке құлқынның ләззаты емес, қайта өзін-өзі дүние қызығынан шектеу дейді. Сондай махаббат қана нағыз пәк, берік болмақ деп, оның небір керемет поэтикалық бейнелерінің түркі халықтары ұғымындағы махаббат ғажайыптары суреті арқылы көркем үздік образдар жасайды. Ғылым мен ілімге (сопылыққа) тек махаббат жолымен ғана жетуге болатынын айтады:

Махаббаттың дариясына шомылушы

Ғылым, амал қыл, қалар көп үлгісі, – дейді.

«Диуани хикмет» әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Йасауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.[1]

 

 Бүкіл әлемдегі түркі халқы «Диуани хикмет» арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның философиялық ой-пікірлерімен танысты. «Диуани хикметте» жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этикалық-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты.Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымында әулие – даңғыл жол, өйткені ол – халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтейтін, Алла рахметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға.Ясауи былай дейді: "Кімде-кім құдайды есіне алса, ол онымен табысқанын көре алады". Сондықтан да Ясауи үшін құдайды тану өзін-өзі танумен бірдей. Ясауиден бұрын түркі нәсілдері Тәңірге табынатын болса, енді олар Аллаға сыйынатын болды. Ясауи сопылығы арқылы бүтін шығыс философиясымен, әлемдік діни философиямен хабардар боламыз. Ахмет Ясауи халқымыздың рухани жебеушісі, кейінгі ұрпақ тәуіп етер қасиетті әулие. Оның мазараты мәдениетіміздің мерейі, ұлтымыздың мақтанышы.  Йасауи сопылық әдебиетті тудыра отырып, қазақ әдебиетінде адам бейнесін, оның қоғамдағы қызметін, өмір мұратын жоғары дәрежеге қойып жасауға жол салды. Йасауи хикметтері қоғам өміріне, адам тіршілігіне жоғары талап қойған сыншылдық дәстүр әкелді. Оның бұл сыншылдық дәстүрі Дулат, Сүйінбай, Шортанбай, Мұрат, т.б. жырларында, тіпті күні бүгіндері де жалғасын тауып жатыр.

Тип работы: 
Тема реферата: 

Добавить комментарий