РефератҰлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні

 

Ата көрген оқ жонар. Ата-бабамыз ұлды өздерiндей еңбексүйгiш, малсақ, жауынгер, әншi, күйшi, аңшы, құсбегi — бесаспап азамат етiп тәрбиелеудi мақсат еткен. Жiгiттiң бойына өнер мен еңбектi, iзгi адамгершiлiк қасиеттердi қатар  сiңiрген.  Ер баланы бес жасынан бастап ат жалын тартып  азамат болғанға дейiн мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, терiден, темiрден түрлi тұрмысқа қажеттi бұйымдар жасауға, яғни қолөнер шеберлiгiне баулыған. Әсiресе әкелерi мен аталары ұлдарға мал жаюдан бастап шаруаның алуан тәсiлдерiн үйретiп баққан. Мысалы, малды ерте өргiзу, саулатып қоя бермей, алдын кес-кестеп қайырып, тоқтатып жаю, шаңқай түске дейiн жусатпауды тапсырған.

Буаз малды ауылға жақын жаю, туа қалса төлiн алып жылы қораға тез жеткiзу, қойдың қозысын ауыздандыру (енесiн дүрыс емуге үйрету), жаңа туған жас төлдi аяқтандыру, т.б. әдiс-тәсiлдердi баланың жасынан бiлуiн қадалаған. Ат суыту, аттың ыстығын шығару үшiн аяғының күре тамырынан қан алу, еркек малды пiшу, қойды қырқу, тоғыту, мал сою, түйе қомдау, түйеге жүк арту, ер-тұрман әзiрлеу, қайыс илеу, сiреден таспа тiлiп, айыл, қамшы, жүген, шiдер өру, қой қосақтау, түйе матау, кесек құйып, қора салу, құрық салып, асау ұстау, оны үйрету, қазақы үйдi жығу, оны тiгу — мiне осының бәрi ер баланы жастайынан еңбекке тәрбиелеудiң өзегi болған.  Ежелден мал бағып, айғақарап жұлдыз санап күн кешкен қазақ халқы өз ұрпағын өсiмдiктiң түр-түсiн ажырата бiлуге, қараңғы түнде жүлдызды аспанға қарап бағыт-бағдар белгiлеп, қоныссуды дәл табуға үйреткен.

Қонақ күту, үлкенге иiлiп сәлем беру, ән айтқызу, домбыра тартып күй шерткiзу, өлең-жыр жаттату, жаңылтпаш-жұмбақ үйрету немесе теңге алу,  жамбы ату,  аударыспақ,  сайыс,  көкпар,  күрес сияқты  ұлт  ойындарын үйрету   тәрбиенiң басты шарты болып есептелген.

  Қазақта қонақ күтудiң де жазылмаған, бiрақ дәстүр болып қалыптасқан заңы бар. Үй иесi қонақты сыйлап, ас-суға тойдырғаннан кейiн, жатар алдында өзi ауылдың алты ауыз өлеңiн айтып немесе күй шертiп қонағына құрмет көрсетедi де, қонақтан “қонақ кәде” сұрайды. Қонақ өлең, жыр, қисса, ертек, терме, толғау айтып берiп немесе күй шертiп өз өнерiмен үй иелерiне құрмет көрсетуге мiндеттi болған.

 Үнемi үйге келген қонақтан өлең-жыр, ертегi, аңыз әңгiме естiп өскен балаға да жастайынан сөз өнерiне бейiм, өнегелi, өнерлi болып өсуiне әсер еткен, “қонақ кәде” мен “ауылдың алты ауызы” жастарды сөз қадiрiн бiлуге, шешендiкке, ән мен жырға баулып өсiруде белгiлi рөл атқарған.

Баланы жастайынан сөз өнерiне баулу, мақалдап, тұспалдап ойды көркем сөзбен тыңдаушыға жүйелеп жеткiзе бiлуге үйретудi ата-бабамыз мақсат тұтқан. “Бiлiмдiден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” деп текке айтпаған.

ВложениеРазмер
ulttyk_salt-dsturlerdi_nasihattaudyn_trbielik_mni.doc86.5 КБ
Тип работы: 
Тема реферата: 

Добавить комментарий