РефератАбайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әр қаламгерді оның әдеби ортасынан жеке-дара алып қарау, тану біржақты болмақ. Ақын, немесе жазушы өз ортасында өсіп, содан сусындап, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның өкілі ретінде ғұмыр кешеді. Рухани дүниесі толысқан шақтан бастап айналасына ықпалды болған тұлғалар өз әдеби ортасын қалыптастырады. Демек, белгілі бір әдебиет өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал ететін үрдістер және сол тұлғаның кемеліне келгеннен кейін өз айналасына, кейінгі буынға әсері деген мәселелер әдеби орта ұғымын тудырады.

Абайдың әдеби ортасы дегенде белгілі бір тұлғаның ақындық жолына өз әсерін тигізген, рухани жетілуіне темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен сөз зергерінің әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз. 

Әдеби орта ұғымын мейілінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды яғни, абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерді есепке аламыз. Осылайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна – Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын біз ғылыми жұмыста нақтылап, ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері – ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыруды мақсат еттік. Әуезовтің сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы» зерттеу жұмысымыздың негізгі нысаны болып табылмақ. 

Ақынға тікелей ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би-шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді [1, 19-б.]. Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға болмайды. Осы орайда академик С.Қирабаевтың пікірі орынды айтылған: «Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі, оның ақындылығы да сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты. Сондықтан, ақынның өзі туып өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың шешендік өнерінен (атақты би болғанын еске алыңыз!), аты белгілі (өзі атайтын Бұқар, Дулат, Шортанбай) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес. Қайта Абай осылардың бәрін жақсы білді, жанына азық етті. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңіре отырып, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру арқылы бүкіл халықтық, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілді. Халықтық әдебиет сарындарын үлкен европалық үлгідегі ақындық жинақтаушылыққа (обобщение) ұластырды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуын дәлелдейді» 

ВложениеРазмер
Abaidyn_adebi_ortasy.rar60.94 КБ
Тип работы: 
Тема реферата: 
Язык реферата, дипломной или курсовой работы: 

Добавить комментарий