РефератӘскер - ел қорғаны реферат

 

“Қаһарман елдің қарулы күштері”

(кіріспе)

 

Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алған соң алдына қиын, бірақ өмірлік маңызды міндет қойылды. Ол - өзінің Қарулы Күштерін құру еді.

1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейіннен республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде дербес шешуге көшуіне байланысты, ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Тәуелсіз республиканың заңдық құқықтарының негіздеріне және де Тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты 1992 жылдың 7-мамырында Президенттің Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер  өздерінің мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын Қорғаныс министрі болды. Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды.

Сөйтіп, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанын 7-мамырда 1992 жылы заңды түрде бекітті. Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару–жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешті.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады.

 

Жалпы Мақсаттағы күштер

 

Жалпы мақсаттағы күштерқұрамына - құрлық әскерлері мен мобильдік топ күштері кіреді. Құрлық әскерлерінің құрамында бірнеше арнайы әскер түрлері мен құрамалар болады. Олар өздеріне әр түрлі қарулар мен техникаларды біріктіреді.

Құрлық әскерлері түрлеріне– мотоатқыштар, танк және артиллерия әскерлері, ал арнайы әскерлерге – инженерлік, химия байланыс, радио және радиотехникалық, автомобиль және басқалары жатады.

Танк әскерлері– салыстармалы түрде жас әскер түрі. Оның тарихы бірінші дүние жүзілік соғыс жылдарынан басталады.

Танк әскерлері– құрлық әскерлердің басты, екпінді күші.

Олар, көбінесе, ең басты маңызды міндеттерді орындау бағыттарына қолданылады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің танк бөлімдері мен құрамаларында орта және жеңіл жүзетін танкілер, қазіргі заманғы жоғарғы жылжымалы–брондық қорғаныс қаруы бар. Түнде көретін қондырғыларының және су түбінде жүруге арналған жабдықтарының болуы танкілерді қазіргі жағдайда ұрысқа өте тиімді құрал етеді. Өте мықты, бронының болуы оларды және ішіндегі адамды ядролық жарылыстың зақымдауынан, екпінді толқыннан (ударная волна), жарық сәулелерінен, радиациядан, радиоактивтік жұқтырулардың әсерінен сақтайды. Жан–жақты дайындықты жастар жақсы танк жүргізушісі бола алады.

Қазіргі заманғы қару-жарақ, мықты двигатель, күрделі жүйелер мен агрегаттар жетілдірілген қондырғылар мен нысана көздегіштер бұлардың барлығы техниканы жақсы күтетін және терең білімді адамдардың ғана билігінде болады.

 

 

Құрлық әскерінің артиллериясы.

 

Артиллерияның бөлімшелері мен бөлімдерінің болуы құрлық әскерлерін дереу күшейтті. Олардың дәл соққылары қысқа уақыттың ішінде қарсыластың түгел бөлімшелері мен бөлімдерін жойып жіберуі мүмкін.

Құрлық әскерлерінің артиллериясында зеңбіректер, гаубицалар, реактивтік қондырғылар, жойғыш танкке қарсы қолданатын зеңбіректер, минометтер және де ұзақ қашықтықта әрекет ететін танкке қарсы қолданылатын басқармалы реактивтік снарядтар болады. Бұл құралдардың барлығы моторландырылған, қысқа уақыт ішінде дайындалады және оқ атуға қабілетті.

 

Құрлық әскерлерінің арнайы

бөлімшелері мен бөлімдері

 

Әскери істер ғылыми-техникалық прогреске байланысты қазіргі жағдайда арнайы әскерлердің маңызы өлшеусіз өсті. Бұл бөлімшелер мен бөлімдер жас әскерлерден терең  және жан-жақты білімді, машық-дағдыны, тәртіптілікті, шыдамдылықты, білек күшін талап ететін қазіргі заманғы техникалармен жабдықталған.

 

Арнайы әскерлер

 

Бұлар құрлық әскерлерінің ұрыс әрекетін және тіршілік әрекетін толығымен қамтамасыз етуге арналған инженерлік әскерлер. Бірде-бір әскери мәселе инженерлік қамтамасыз етусіз шешілмейді. Олар шабуылда әскерлердің жылжуын қамтамасыз етеді, жолдар салады, сулы тосқауылдан өтуді жабдықтайды, қарсыластардың бөгеттеріне өткелдер жасайды, минасыздандырады.

Қорғаныс кезінде инженерлік әскерлер қорғаныс шептерін тұрғызады, бөгеттер жасайды.

 

Химиялық әскерлер.

 

Жаппай қырып жоятын ядролық қарулардың және басқа да құралдардың пайда болуына байланысты аталған қарулар қолданылған жағдайда әскерлерді қорғайтын шаралар қолдану қажет. Мұндай мәселелерді шешуде химиялық әскерлер маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты бөлімдер мен бөлімшелерді емдеу үшін арнайы машиналармен, қондырғылармен келіп, көмек көрсетеді.

 

Байланыс әскерлері

 

Олар бөлімшелер мен бөлімдердің арасында берік және тұрақты байланысты қамтамасыз етеді. Бейбіт кезде де, соғыс кезінде де байланысты орнатуға қызмет етеді. Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің бөлімшелері мен бөлімдері жақын және ұзақ қашықтықтық үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін, ғылым мен техниканың жаңа жетістіктеріне негізделген радио және радиожелілік құралдарды пайдаланады.

 

Автомобильдік әскерлер

 

Бұлар ұрыс жүргізіп жатқан бөлімдерге материалдық құрал-жабдықтар жеткізуге, жаралыларды алып кетуге, істен шыққан қару-жарақтар мен басқа жүктерді тасуға арналған әскери тылдың құрамында әскерлерді соғыста және  өмірде барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етеді.

 

Мобильдік күштер тобы.

 

Мобильдік күштер тобы – құрлық әскерлерімен тығыз байланыста әрекет ететін десантшылар. Оларды “қанатты жаяу әскер” деп те атайды. Олар әр түрлі ұрыс әрекеттерін жүргізуге, маңызды аудандар мен объектілерді басып алып, негізгі күш келіп жеткенше ұстап тұруға, қарсыластарды, олардың штабтары мен тылдағы бөлімдерін жоюға арналған. Өз міндеттерін орындауға мобильдік топтар жоюдың әр түрлі құралдарын, әр түрлі жаңа техниканы, қажетті қорларды иеленеді. Тасуға және аспаннан тастауға әскери транспортты, авиация ұшақтары мен тікұшақтарын пайдаланады.

 

ІІ - Әуе қорғаныс күштері

 

Қазақстанның әуе қорғаныс күштері мемлекеттік әуе шекарасын және қарсыластың  соққысынан әскерлерді қорғайтын маңызды құрал болып табылады. Олардың құрамына әуе қорғаныс әскерлері мен әскери әуе күштері кіреді.

 

Радиотехникалық әскерлер

 

Үздіксіз әуе кеңістігін бақылап отырады. Олар жаудың  байқалған нысаналарын, олардың тұрған және қозғалыстағы орнын, жылдамдығын, ұшу бағытын айқындайды, зениттік-ракеталық әскерлер мен авиацияға жаудың шабуылын қайтаруға, тойтарыс беруге мүмкіндік жасайды.

 

Әскери әуе авиациясы

 

Әскери әуе авиациясының негізін күшті ракеталық пулеметтік қару–жарақпен, радиоэлектрондық қондырғылармен жабдықталған реактивтік дыбыстан жоғары авиация құрайды. Әскери әуе авиациясы әр түрлі мақсаттағы ұшақтарды пайдаланады, истребитель-бомбардировщиктерді барлаушы, транспорттық және басқа да ұшақтарды, сонымен бірге әскери әуе авиациясы қазіргі заманғы жаудың шабуыл құралдарын зақымдауға, жердегі әскерлерге қолдау көрсетуге, әуеде табысты үстемдік етуге және басқа да біраз қиын мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

                                                

ІІІ - Шекараны қорғау күштері

 

Бұлар құрлықтағы және жағалық қорғау күштері болып бөлінеді.

Құрлықтағы шекара әскерлері қазақстандық шекарашылардың әрдайым мемлекеттік шекараны қырағы күзетіп, оны қорғауға және жаудың шабуыл жасауына тойтарыс беруге қабілеттігі, шекарашы  әскерлердің жоғары әскери шеберлігін Отанымыздың аумақтық біртұтастығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Шекарашыларда атыс қаруларының барлық түрі, танкке қарсы құралдар және де қазіргі заманға қажетті әскери техника, байланыс және бақылау құралдары бар.

 

Ұлттық Ұлан

 

     Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланының қатарында қызмет ету жастар үшін үлкен құрмет. Ұлттық Ұлан Мемлекеттік шараларды және мемлекеттік объектілерді қорғайды, шетелдік делегацияларды қарсы алады және шығарып салады, басқа да маңызды шараларды орындайды. Ұлан әскерлері өздерінің саптық бой түзетулері мен шеберліктерін көрсетеді, бұл арқылы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің айбындылығы анықталады.

 

Ішкі әскерлер

 

Ішкі әскерлер құқықтық тұрақтылықты сақтауға, арнайы мемлекеттік объектілерді қорғауға және басқа да қызметтік, әскери міндеттерді орындауға арналған. Өздерінің әскери міндеттерін орындауда ішкі әскерлер әскери жоғары саналылық пен жанкештілік көрсетуде. Олар “Жалпыға бірдей әскери мемлекеттік және әскери қызмет туралы” Заңның негізінде жасақталды.

Қазақта әр заманда епті, батыл, ержүрек сарбаздар болған. Олар барлық қиындықтар мен жорық кезіндегі тұрмыс мұқтаждығын көтеруге қабілет– қарымын көрсете білген. Бүгінгі Қазақстан әскерлері, Президент Н.Назарбаев айтқандай, “даңқты өткенімізден күш ала отырып”, өткенімізді рухани жалғастырушы жаңа күш екеніне кәміл сенеміз.

 

 

Қарулы күштеріміздің айнасы –

Республика Ұланы

 

Елбасы қатысатын салтанатты жиындар мен мемлекеттік мерекелерде, шет елдердің басшыларын қарсы алатын шараларда өздерінің нақпа-нақ жүрісімен, әсем қимылымен, жұртшылықты сүйсіндіретін сарбаздары бар Ұланға 15 жыл толғалы отыр.

Тарихқа көз жіберер болсақ, ерте кездері мемлекет басшыларын сенімді жауынгерлер қорғаған. Мәселен, Ресейде садақшылар, кейіннен гусарлар, Иранда Шах тыныштығын “мың өлімсіздер” деп аталатын “сипайлар” күзеткен. Еуропада кейіннен лейб-гвардия деп аталған корль күзеті болған.

Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей, олардың мұрагерлері Тәуке т.б. хандар қазіргі республикалық Ұлан сияқты әрекет ететін әскер ұстады. Әскерге ханға берілген, ақсүйектер отбасынан шыққан жасөспірімдер алынған. Аталмыш әскердің міндеті – ханның отбасын қорғау, жол жүру кезінде ханмен ілесе жүру, көрші мемлекеттерден елші келген кезде жоралғылық рәсімдер атқару болды.

Тарихшылардың пікірінше, кейіннен ханның әкімшілік, әскери өкіметтігіне байланысты атты Ұландық әскерлер де пайда болған.

Ханның Ұланында ханды күзететін 1 мыңнан 10 мыңға дейін атты әскер болды. Олар шаруалардан алынатын салықтар есебінен қаржыланған.

Республикалық Ұлан ата-бабалардың осы көне дәстүрлерін сақтай отырып, өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты атқарып келеді. Өткенсіз бүгін жоқ, тарих тәжірибелерінің пайдалы тұстары мемлекетіміздің беделін нығайтуға оң әсер етпек.

Бүгінде Республикалық Ұланға – Елбасы және басқа да күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жоралғылық рәсімдерге қатысу, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңба эталондарын күзету, тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін аса маңызды объектілерді, ғимараттар мен қызметтік үй-жайларды күзету міндеттері жүктеліп отыр.

      Ұланға жүктелген әр міндет аса жауапкершілік пен тиянақтылықты қажет ететіні өзінен-өзі түсінікті. Себебі, Елбасы қатысатын жиындар немесе шетел қонақтарын қарсы алу барысында Ұлан  сарбаздары тұтас Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бет-бейнесін әлемге әйгілеуі тиіс. Болмаса маңызды мемлекет объектілерін күзету - жігіттердің темірдей тәртіп пен сыпайыгершіліктің үлгісін көрсететіндей болуын ғана емес, қырағылық, дене күші жағынан мығым, осы қызметке қажетті қасиеттердің бәрі де бойынан табылуын талап етеді.

Республикалық Ұланның Алматы және Астана қалаларында әскери бөлімдері бар. Ұланға әскер қатарына жастар еліміздің барлық облыстарынан алынады. Бірақ, жастарды іріктеудің өзіндік шарттары бар. Республикалық Ұланға әскерге алынатындардың бойы 178 сантиметрден кем болмауы тиіс, оған қоса олар орта білімді, дене-күші жағынан шыныққан, моральдық жағынан үлгілі болуы керек.

Аты тек Қазақстанға ғана емес әлемге таныла бастаған Президенттік оркестр де осы Республикалық Ұлан құрамында. Президенттік оркестр Қазақстан Республикасының протоколдық, дипломатиялық және мемлекеттік, салтанатты шараларын музыкалық шығармаларымен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдерге де гастрольдерге шығып жүр. Олардың Малайзияда, Түркияда, Австрия, Италиядағы концерттері табысты өтіп, жұртшылық алғысына бөленді.

Өзінің он бес жылдық мерекесін атап өткелі отырған Республикалық Ұланның атқарған игі шаралары жетерлік. Ең бастысы – олар жастарға Отанды қорғау, Президент пен халыққа жан аямай еңбек ету, елді сүю, ант пен парызға адал болудың жарқын үлгісін көрсетіп жүр.

 

 

Елбасы Н.Назарбаевтың

қанатты сөздерінен...

 

1.   Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр.

 

2.   Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.

  

3.   Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүние жүзі білетін республика – Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.

 

4.   Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек.

 

5.   Елдік те, ерлік сияқты сын сағатта танылады. Ел бірлігі – ең асыл қасиет.

 

6.   Тағдыр қазаққа қырын қарамаған: жер де берген, кен де берген, ел де берген, ер де берген.

 

7.   Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады.

 

8.   Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы керек.

 

9.   Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!

 

10.Әскери қақтығыстардың жосықсыз екенін әлемнің ұғынғанына зор сенім артсақ та, парасатты мемлекет басқа үкіметтердің уәдесіне сеніп қана қоймай өз елінің қуатына да сүйсінетінін ұмытпағанымыз жөн.

 

11.Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет.

 

12.Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарастыратын заман.

 

 

Елім деп туған – ерлер бар

(Мақал – мәтелдер)

 

Ел барда ер қор болмас, ер барда ел қор болмас.

 

Ел үмітін ел ақтар, ер атағын ел сақтар.

 

Ел – ырыстың кілті, ер – ырыстың қорғаны.

 

Ел шетіне жау келсе,

Арыстандай айбарлы батырлардың бары игі.

 

Елдің ерлігі ерінен танылар,

Елдің байлығы жерінен танылар.

 

Елдің көркі ерімен, жердің көркі шөбімен.

 

Отан үшін отқа түс, күймейсің,

Арың үшін арпалыс, өлмейсің.

 

Отансыз ұл – ормансыз бұлбұл.

 

Ел даусыз болмас,

Ер жаусыз болмас.

 

Ер жігіт өзі үшін туады,

Елі үшін өледі.

 

Атадан ұл туса игі,

Ата жолын қуса игі.

 

Ердің туы – намыс.

 

Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.

 

Шешен сөз бастар,

Батыр қол бастар.

 

Еліңді сүйсең, ерлік істейсің.

 

Елдің көркі елімен,

Отан көркі жерімен.

 

 

Батырға оқ дарымайды,

Батылға жау жоламайды.

 

Шын ер жеңсе – тасымас,

Жеңілсе – жасымас.

 

Батылдықты айт, ерлікті айт,

Батырлықты айт, бірлікті айт.

 

 

ӘН-ЖЫР ШАШУ

 

Сарбаздар жыры

Сөзі:  Абдрахман Асылбековтікі

Әні:  Сүгірәлі Сапарәліұлынікі

 

      Жас ұланбыз жаны жарқын,

      Қайрат – күші құрыш мығым.

      Тамылжыған жаны алтын,

      Қорғаймыз ел тыныштығын.

                                 

                                           Сарбаздармыз саптағы біз,

                                           Қатарымыз сөгілмеген.

                                           Туған елдің мақтанымыз,

                                           Адымдаймыз, сенімменен.

 

      Жол бермейміз ұрысқа түк,

      Елге аян айбынымыз.

      Дұрыс шығар, дұрыс батып,

      Бір тұрғанда ай-күніміз.

 

     

                                           Желбіреген жалауымыз,

                                           Ұлы Отанның ұланымыз.

                                           Бейбітшілік қалауымыз,

                                           Асқақтаған жыр-әніміз.

 

Мен қазақтың ұланымын

 

Мен қазақпын, ұланымын елімнің

Мен қазақпын, тірегімін жерімнің

Ұланымын туын көкке көтерер

Болашаққа алға бастап жетелер

Қиындығын қазағымның әрқашан

Қайыспайтын қара нардай көтерер

 

 

Көз тойғысыз қазағымның жері бар

Ну орман, тауы, өзені, көлі бар

Қазағымның жерін, елін қорғайтын

Жас жеткіншек, ұланы бар, ері бар

 

Міне, осындай егеменді еліміз

Кең жазира ұлан байтақ жеріміз

Туған елін, туған жерін сүйетін

Біз қазақтың ұланымыз, еріміз.

                                  А.Өтелова

 

Отанымның ұлымын

 

Бұл – гүлденіп жайнаған,

Гүлстандар Отаны!

Бірін–бірі сыйлаған

Туысқандар Отаны!

Бұл – ғажайып мұратты

Халықтардың Отаны!

Алтын заман құратын

Алыптардың Отаны!

 

Сол алыптың бірімін –

Отанымның ұлымын!

                                                     Әдібай Табылды

 

Қазақстандық патриотизм

 

      Атадан жақсы ұл туса,

      Елінің туы болады.

      Атадан жаман ұл туса,

      Көшінің соңы болады.

      Қазыбек би

 

Отаншылық, Отансүйгіштік, Патриотизм– адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі. Көшпелі қазақ өркениетінде Отаншылдық ең қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа жазылған  Күлтегін ескерткішінде ел билеушілерінің Отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Төре, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасырдың басындағы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, т.б. ұлт зиялылары мен қайраткерлері  Отаншылдықты сөзбен ғана емес, іспен де өнеге көрсете білді. Әйтеке би “Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі” деп халыққа қызмет етудің, Отаншылдықтың айнасы бола білді. Тәуке хан заманынан қазақ қоғамында Отаншылдық  байлықтан да жоғары бағаланды.

Қазіргі кезде Қазақстан өмірінде “қазақстандық патриотизмді” қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіруді мемлекеттік дәрежеге көтергенімен, Отаншылдық ой-сананы қалыптастырудың шешілмеген мәселелері бар.

Қазақстандық  патриотизм – ел азаматтарының  республиканың бүгінгі тұрақты өмірі мен жарқын келешегі жолындағы еңбегі мен күрескерлігі іспетті.

Отаншылдық– елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан Отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болмақ. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады. Отаншылдықты рухани  құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес.

Н.Назарбаев:“Әрбір адам біздің мемлекетімізге, соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс... Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн”- дейді.

     Міне, осы сөздің өзі – тұлабойы тұнған Отаншылдық тәрбие міндеттері. Қазақстандық патриотизмнің анықтамасы да осынау парасатты ойдан арна тартады.

 

 

Патриоттық тәрбие және

Бауыржан Момышұлы

 

Қазақстан Республикасы - өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге дәлелдеді. Енді басты міндет – осы мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанды – Отаным деп таныған әрбір азаматтың осыған өз мүмкіндігінше үлес қосуы тиіс.

Отанымыз аумағының бүтіндігін сақтау, халықтың тыныштығын алатын лаңкестермен қарсы ұйымшылдықпен күрес, мемлекеттерге қауіп төндіретін кез келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұрудың өзі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу міндетін жүктейді. Осыған орай патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа жарасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, мектеп оқушыларының бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін, яғни патриоттық санасын дарытуда халқымыздың біртуар ұлы, ержүрек қолбасшы, жазушы, Батыр, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы ағамыздың кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен өсиеттерінің және ерлікке толы шығармаларының алатын орны ерекше.

Жиырма жылдық өмірін әскер  қатарында өткізген Бауыржан ағамыз  өмірінің соңына дейін әскери-патриоттық тақырыптарға шығармалар жазды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде атақты генерал И.Панфиловтың сегізінші гвардиялық дивизиясында рота, батальон, полк, кейін дивизия командирі кызметін атқарып, неміс-фашист басқыншыларына соққы беріп, батальонды бірнеше мәрте жау қоршауынан алып шықты.

 

 

Ата мекен жер үшін,

Қасиетті ел үшін,

Әзиз ана, қарт ата,

Ботакөз сұлу қарындас

Күң, құл бомасын, -

 

деген жыр жолдары арқылы жауынгерлерге рух беріп, ерлік істерге шақырады.

Кейіннен атақты жазушы Александр Бек батыр ағамыздың ерліктері жайлы “Волокаламск тас жолы” атты романын жазды. Осы роман арқылы Бауыржан ағамыздың аты әлемге әйгілі болды.

Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында патриотизмге, ерлікке, батырлыққа байланысты біраз терминдерге анықтама берген. Енді соларға тоқталайық!

Патриотизмдегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман– саулығының қоғамдық – мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді.

Ерлікдегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін, осындай адамгершілік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға - қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіздік етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу.

Батылдық– қимыл, әрекет есебін тәуекелдеумен үйлестіре алушылық.

Табандылық –батырлардың қалқаны.

Өжеттілік, қайсарлық– адамның тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс.

Сондай-ақ Бауыржан ағамыз халықты ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеуде артына көптеген мақал-мәтелдер қалдырған. Мысалы: “Үлкенді ізетте, кішіні күзетте көр”. Ерлік тәрбиеден туады”, “Ерлік бірлікте емес, жүректе”, “Отанда опасызға орын жоқ”, “Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тік тұрып  өлген артық” деп халық атынан ащы да әділ үкімін пайымдайды.

Тіпті Бауыржан ағамыз туған ауылына келіп, ауыл адамдарының ынтымақсыздығын, қарттардың қадірсіздігін, жастардың тәртіпсіздігін көріп, ызаланады. Дастарханға ас қайырып, бата бергенде, бұрынғы халықтық бата– тілекті жаңаша жаңғыртып, “Я, құдай, дозақтың отынан сақта, қаңғыған оқтан сақта, ынтымақсыз туыстан сақта, қара жүрек батылдан сақта, адамды қадірлемес есерден сақта, нанды басқан есерден сақта, кеудесін керген келіннен сақта, мезгілсіз келген өлімнен сақта, ұятсыз қызыңнан сақта, қайырымсыз жекжаттан сақта, жалқау баладан сақта, жастарында әдеп жоқ, өлгенінде бәтуа жоқ құр айғай шат-шәлекей даңнан сақта” деген батасының тұнып тұрған тәлім, өзіндік үлгі өнеге, өлмес, ескірмес өсиет екенінде дау жоқ.

Біз жазушы, тәлімгер Бауыржан Момышұлының еңбектерін оқи отырып, оның шығармашылығы патриоттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі екенін байқаймыз. 

 

 

Әскер - әліміз, армия – абыройымыз!

(Әдеби музыкалық кеш)

 

7 – мамыр -Қазақстан Қарулы күштерінің туған күні. Тарихтағы әрбір даңқты күндер секілді бұл мерекеміздің өзіндік сыры бар. Оны оқырмандарға ұғындыру, күні ертең олардың да Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге баратынын, ол үшін шынығу, шыңдалу қажеттігін жете білуге көмектесу қажет.

Назарларыңызға “Әскер - әліміз, армия – абыройымыз!” атты салтанатты кеш жоспарын ұсынамыз. Мереке өткізілетін жерді де тақырыпқа сай әзірлейміз. Сахнада Қазақстан Республикасының рәміздері ілініп, гүл шоқтары және шарлармен, “Тәуелсіз елдің қыраны” атты кітап көрмесімен безендірілген. Үлкен әріппен,

               “Отан сенген ұландар!

               Әкелер дәстүріне адал болыңдар”- деп жазылған.

Залда әскери-патриоттық тақырыпта жазылған әндер, музыка ойналып тұрады. Мұның бәрі кешке келгендерді болатын мереке мазмұнымен жете танысуға жағдай жасайды.

 

1-бала: Ел қорғайтын, ер ағалар –

      Ардағымыз, арымыз.

      Ерлер тойын, елдің тойын,

 

Бәрі:    Қарсы аламыз бәріміз!

 

Жүргізуші:  Балалар! “Әскер - әліміз, армия – абыройымыз!” атты кешімізге  Отан алдындағы әскери борышын  аяқтап қайтқан,  кітапхана оқырманы _________, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген кітапхана оқырманы ____________, анасы қатысып отыр.

Осылайша келген қонақтарды жекелеп таныстырып шығады. Қазір біздің шекарамыз берік қолда. Оны қас қақпай күзетіп тұрған, кешегі Жеңіс солдаттарының немерелері, шөберелері.

Олар да аталарындай жігерлі, әкелеріндей өжет. Отанымыздың шырқын бұзғысы келетін қай жауға болса да тойтарыс бере алады. Біз осыған қуанамыз. Ендігі сөзді қонағымыз, кітапхана оқырманы, запастағы жауынгер жалғастырады.

Қонақ әнгімесінен соң, ұлдар мен қыздар өздерінің даярлаған музыкалық сәлемдерін жолдайды.(Ән айтылып, күй шертіліп, би биленеді).

 

1 – бала:Тапталмайтын түнгі ізі,

                Сақшысы болам Отанның

                Жарқырап жанған жұлдызы

                Келеді ұлан атанғым.

 

2 – бала:  Туған жердің әр тасы

                 Маған ыстық қашаннан.

                 Бұйраланған аршасы;

                 Қорғайтын - ер боламын.

 

3 - бала:   Тапталмайтын түнгі ізі,

                 Ұланы болам Отанның

                 Жарқырап жанған жұлдызы,

                 Жалғаймын жолын Ағаның!

 

4 – бала:         Буырқанып тұрса да барша маңым,

               Ақ сұңқардай дауылға қарсы ағамын.

               Қиындықты алмастай қиып өтіп,

Бәрі:      “Жаса, Бейбітшілік! – деп жар саламын. Залда отырғандардың бәрі қосылып,  

      “Әрқашан күн сөнбесін” әні орындалады.

 

Жүргізуші:    Бәрекелді, балалар! Менің қолымда қазір әскери борышын (жер аты) өтеп жатқан кітапхана оқырманы (аты) хаты. (Хатты оқып шығады).

Ал бүгін біздің арамызда оқырманымыздың анасы отыр, енді сол кісіні тыңдайық.

 

Жүргізуші:    Ал, енді достар, мерекемен құттықтауға келген жас ұландарға кезек берейік!

 

1 – ұлан:        Оқушымын бүгін мен,

                                   Кіп-кішкентай баламын.

                                  Ертең менде өскенде,

                                  Ел қорғауға барамын.

 

2 – ұлан:        Атам – солдат, ал әкем

                                  Капитан, қатал мінезі.

                        Сендерге достар ант етем,

                                  Генерал болам мен өзім.

 

3 – ұлан:        Ұландар, тізіл, сапқа тұр!

                                  Бастайық енді ойынды.

                                  Болу үшін нақ батыр,

                                  Жаттығу аса қажетті.

 

(Осы жерде  әскери ойындар түрінен қысқаша элементтер көрсету керек).

4 – ұлан:         Жауға басын имеген,

                                  Жауыздықты сүймеген.

                                  Ісіңе, Аға, еліктеп,

                                  Ерлігіңді үйренем.

 

5 – ұлан:         Жүреміз даңқты жолдармен,

                                  Қырандар бірге самғаған.

                                  Әзірге титтай болғанмен

                                  Ертеңгі ел қорғаны – мен болам!

 

6 – ұлан:         Жер бетінде тыныштық!

                                  Жер бетінде туыстық!

                                  Баянды бақыт Адамға!

                                  Орнатуға Далаға!

                                  Сәбилік таза көңілмен

 

Бәрі:                Ант етеміз!

                                  Ант етеміз!

                                  Ант етеміз!

Жүргізуші:    Кең байтақ, қазақ елін, жерін,  халқын қорғауға дайын болыңдар,

                                  Жас ұландар!

-    Әрқашанда дайынбыз!

 

Сахнада тұрған балалар көгершіннің, Бейбітшілік тақырыбына салынған суреттерін, “Жасасын, Қазақстан!”, “Өркенде, өс өз – Елім” – деген т.б. ұрандар жазылған плакаттарын, шарларын жоғары көтереді.

Осы кезде барлығы тік тұрып Қазақстан Республикасының гимні “Менің Қазақстаным” әнін орындайды, мереке соңы концертке ұласады.

 (Концерт бағдарламасы мереке тақырыбына сай болғаны жөн)

 

 

“Сұңқар” әскери- ойын байқауы

 

І. Кітапхананың оқу залы: Қазақстан Республикасының рәміздері ( Ту, Елтаңба, Әнұран) ілініп, гүл шоқтары, шарлар, әскери тақырыптағы суреттермен  көркем безендірілген.

ІІ. Тақырыпқа байланысты “Қазақстан Армиясы” атты кітап көрмесі жасалған. (Әдемі кітаптар, цитаталар жазылып қойылған)

Композитор Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әні баяу ғана естіліп тұрады.

Оқу залының ортасында ойын жүретін мөлтек алаң әзірленген (үш ойын жолы, жүргізушінің орны) залдың аяқ жағында оқырмандарға, қонақтарға  арналған орындар әзірленген, сахнада төралқа орны әзірленген.

Оқырмандар мен қонақтар орындарына отырған соң белгілі дайындалған балалардың орындауында патриоттық ән айтылады. Ән біткен соң жүргізуші ойынды бастайды.

 

Жүргізуші:     Арыстандай айбаттым,

               Жолбарыстай қайраттым,

               Аспандағы байрақтым,

               Қанша жұлдыз жайнаттың,

               Қанша бұлбұл сайраттың

               Қазақстан ардақтым!

                        

Армысыздар, құрметті қонақтар және бүгінгі ойынға қатысушы жас достар, ұландар! Егеменді еліміздің тыныштығын және бейбітшілігін қорғау, бұл әр азаматтың қасиетті борышы екендігі баршамызға әйгілі. Ал Отанды қорғаушылар тек қана білектің күшіне сүйенушілерден ғана болмай, ақылы мен қайраты, күш-жігері мен зердесі бірдей мықты болғаны – бұл ел қорғаушы ерлерге ежелден қойылып келе жатқан талап. Сондықтан болар, халқымыздан өткен Наурызбай, Бөгенбай, Райымбек сияқты хас батырлар шешен де, би де, ақыл-парасаты биік адамдар ретінде ел ішінде үлкен абыройға ие болған.

Біз де бүгінгі байқауымызды жігіттер мен қыздарымыздың білек күшін емес, ақылы мен тапқырлығын бәйгеге салу ниетімен өткізбек болып баршаңызды осында жинадық. Ендеше бүгінгі “Сұңқар” деп аталатын әскери теория білгірлерінің ойын-сайысына қош келдіңіздер!..

Енді, қымбатты қонақтар, бүгінгі ойынның ережелерімен таныстырып өтейін.

Ойынымыздың бірінші сатысы “Қанша білсең, ізден тағы жас сұңқар!” деп аталады. Бұл саты барысында ойынға қатысушы барша оқушылар қауымына бастауыш әскери дайындық пәні бойынша 20 сұрақ қойылады. Әрбір сұраққа дұрыс жауап берген оқушы бір орденмен марапатталады. Сұрақтарға жауап беру тек қана қол көтеру арқылы жүргізіледі.

Кім бірінші қол көтерсе, сол бірінші жауап беру құқығын алады. Кім бірінші қол көтергенін және берілген жауаптардың дұрыс немесе бұрыстығын әскери төрешілер алқасы айтып отырады. Бірінші сатының қорытындылары бойынша ең көп орден жинаған үш оқушы ойынның финалына шығып, бас жүлде үшін жарысты жалғастырады.

Егер  бірінші сатының қорытындылары бойынша финалға шығу құқығына үш адамнан көбірек оқырмандардың ордендерінің саны бірдей болып қалса, онда олардың ішінен ең мықтыларын қосымша сұрақтар арқылы іріктейміз.

Бүгінгі ойынға қатысушыларға орден тағушы деген абыройлы қызметті үлгілі өнегесі және белсенділігімен танылған оқырман атқарады.

 

 

      Әділдікпен бұл сайысты байқайтын,

      Туралықтан ешқашанда қайтпайтын -төрешілер алқасын таныстыруға рұқсат етіңіздер (Төрешілер алқасын таныстырып өтеді. Алқа құрамына ардагерлер, қатардағы әскерилер, мектеп әкімшілігі т.б. кіргізілсе іс-шараның оқырмандар үшін  беделді болуына қолайлы әсер тигізеді).

Ендеше құрметті төрешілерден рұқсат болса, ойынымыздың бірінші сатысын бастайық!

(Ескертпе: Жүргізуші сұрақтарды оқиды, төрешілерден кім бірінші болып қол көтергенінен сұрап, оған жауап беруді ұсынады. Егер жауап дұрыс болмаса, төрешілерден кім екінші болып қол көтергенін сұрап оған жауап беруді ұсынады. Жауап нұсқаға жақын болып, бірақ толық сәйкес келмесе төрешілерден төрелік етіп шешуді сұрайды. Әрбір дұрыс жауап берген оқушыға орден тағушы (қыз немесе ұл бала) орденін мойнына тағып тұрады).

 

Сұрақтар:

1.   Қазақстан Республикасының Конституциясында “Қазақстан Республикасы егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауды оның Қарулы күштері іске асырады” деп қай бапта көрсетілген?

(124 бап)

2.   Жалпыға бірдей әскери міндеттілікке қатысы жөнінен Қазақстан азаматтары қандай сатыларға бөлінеді?

(Шақыруға дейінгілер, шақырылушылар, әскери міндеттілер, әскери міндетті еместер)

3.   Армия мен флотта жауынгерлердің ұрыстағы және әскери қызмет атқару кезіндегі тарихи тұрғыда қалыптасқан және ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын қағидалары, салттары мен құқық нормалары.

                                  (Жауынгерлік дәстүрлер)

4.   Ұлы Отан соғысы жылдарында қанша қазақ Кеңес Одағы Батыры атағын алды?                                                                                                         

(97)

5.   Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 25-тамыздағы Жарлығымен бекітілген маңызы зор әскери құжат.

                                             (Әскери ант)

6.   Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін басқаратын орталық мемлекеттік орган.

(Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі)

7.   Қазақстан Қарулы Күштері құрамындағы құрамы жөнінен дивизиядан кіші тактикалық құрама.                                                      

                                                                                                                 (Бригада)

8.   Бөлімшелер мен бөлімдердің жеке құрамын  ұрысты дайындау мен жүргізуге үйрету қалай аталады?                      

(Тактикалық дайындық)

9.   Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жаяу әскер құрамындағы бастауыш тактикалық бөлімше.                        

(Мотоатқыш бөлімше)

10.Ұрыс барысында әскерлердің жаңа бағытқа ұйымдасқан түрде қозғалып жетуі.                                                                                               

                                                                                                             (Маневр)

11. Автоматикалық ату қаруында патронды оқшантайға жеткізу үшін, ұңғы каналын жабу үшін, капсюлді бұзу және гильзаны алу үшін қызмет ететін механизм.                                                                                

                                                                                                             (Бекітпе)

12. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің қандай жарғылары бар?

(Ішкі қызмет, тәртіптік, гарнизондық және қарауылдық қызметтері, саптық жарғылар)

13. Майор, подполковник және полковник әскери қызметшілердің қандай құрамына кіреді?                                                                   

(Аға офицерлер)

14. Кіші лейтенанттан кіші, старшинадан үлкен әскери атақ.     

(Прапорщик)

15. Рота бойынша тәуліктік кезекші кімге бағынады?

(Рота бойынша кезекшіге)

16.Шабуылда сарбаз ненің құрамында қимылдайды?

(Бөлімшенің)

17. Сарбаздың ұрыстағы іс-қимылындағы бұл әдіс қарсыластың атысы астында ұрыс алаңында оқ-дәрі мен жүктерді тасымалдауға көбірек қолданылады.

(Қырынан  жер бауырлап жорғалау)

18.“ТМ 62М” деген код қандай әскери қаруды білдіреді?

(Танкке қарсы мина)

19.ЖҰМ деп қандай әскери техника аталады?

(БТР)

20. АКМ автоматының ұңғы калибрі қандай?

(7, 62 мм)

 

 

      Қосымша сұрақтар:

 

1.   МОН – 50 деп қандай  қару-жарақ түрі аталады?

(Жаяу әскерге қарсы жарықшақты мина)

2.   АҚШ мотожаяу әскери бөлімшесінде қанша адам болады?

                  (11)

3.   ЗУРО “Ред Ай” қай елдің әскерінің қаруы?

(АҚШ)

4.   “Мардер” қандай және қай елдің әскери қаруы?

(ГДР – БТР НS-30)

 

Жүргізуші:     Қымбатты ұландар! Осымен ойынымыздың бірінші сатысы аяқталды. Енді ордендерімізді санап көрелік.

(Сергіту сәтін үзіліс кезінде пайдаланып, төмендегідей сұрақтарға жауап берейік)

      Жігіттің тоғыз жауы?

 

1.Ұл бала.      1. Басты  жауың жалқаулық,

                   Сорлататын жаныңды.

                       

               2. Осалдығың аңқаулық,

                   Соқтыратын саныңды.

 

               3. Жасқаншақ болсаң ұры алар,

                   Қоралап қойған малыңды.

 

               4. Жалатқызбас жасықтық,

                   Аузыңдағы балыңды.

     

               5. Өтірік айтсаң өңмеңдеп,

                   Жоғалтасың арыңды.

 

               6. Өсек терсең телмеңдеп,

                   Жоғалтасың арыңды.

 

               7. Көпірме босқа мақтан қып

                   Түкке тұрмас барыңды.

 

 

               8. Көрінгенге жалтақтап,

                   Бола алмайсың жағымды.

 

               9. Біреуді алдап арбаумен,

                   Аша алмайсың бағыңды.

 

Жүргізуші:     Ержігіттің үш асыл мінезі?

 

2.Ұл бала.      1. Туған елі мен дос-жаранына адал болу.

               2. Қара қылды қақ жарған әділетті болу.

               3. Қаймықпастан турасын айтар шыншыл болу.

 

Жүргізуші:     Жігіттерге тән алты асыл қасиет:

 

3.Ұл бала.1. Зерде-зейіні болсын

               2. Өнер өрісі болсын

               3. Тапқырлық, талап, ерлігі болсын

               4. Жігер-күші болсын

               5. Қайрат қаруы болсын

                    6. Білімі болсын.

 

Жүргізуші:     Бәрекелді, сұңқарлар, ер жүрек азаматтар көп нәрсені біледі екенсіңдер! Қуаныштымыз!

Ал, енді, үш немесе үштен көп  орден жинаған ұландарымызды ортаға шақырамыз. Финалға шыққан үш оқушыны таныстырады. Егер ордендер саны бойынша үштен артық оқушы шықса, онда жүргізуші қосымша сұрақтар арқылы артық болған ойыншыларды іріктеп шығарады.

Құрметті төрешілер және ұландар, финалға шыққан жас білгірлерге екінші сатының, яғни финалдың ережесін түсіндірейік.

 

Финал “Сұңқарлар сайысы” деп аталады. Қазір финалға шыққан әрбір ұлан жинаған ұпайына сәйкес өз қалауы бойынша мына жолдың бірін таңдауға тиіс. Бірінші болып өзіне жолды ең көп орден жинаған ұлан таңдайды. Ал ордендері ең аз болған финалист қалған жолға түседі. Қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы әрбір финалист өзінің жолымен бір сатыға алға жылжиды.

Қызыл жол екі сатыдан тұрады. Оны таңдаған оқушыға екі сұрақ қойылады, оларға дұрыс жауап беру арқылы ол келесі сатыға өтеді.

Дұрыс жауап бермесе, ойыннан шығады. Яғни оның қателесуге құқығы жоқ.

Сары жолды таңдаған оқушының жолы үш сатыдан тұрады, оған үш сұрақ қойылады. Ол бір рет қателесіп, екі сұраққа дұрыс жауап берсе жеңіске жетеді. Бірақ екі рет қателессе ойыннан шығады.

Жасыл жол төрт сатыдан тұрады. Оны таңдаған оқушыға төрт сұрақ қойылады. Ол екі рет қателессе де келесі сатыға өтеді. Екі сұраққа дұрыс жауап берсе жеңімпаз аталады, ал үшінші рет қателессе ойынмен және бас жүлдемен қоштасады.

Егер финалға шыққан оқушыға қойылатын сұраққа ол жауап бере алмаса, онда ол сұраққа жауапты тек қана көрермендер береді.

 

Ал, енді, қырандай қанат қағып қияға ұмтылған ұландар, финалға қош келіпсіздер!

Бірінші болып өзіне жолды ең көп орден жинаған қайратты да, зерделі ұлан таңдайды. Қай жолды таңдайсыз? Бірінші финалист жолды таңдаған соң оған рахмет айтып, келесі ойыншыларға ретімен жол таңдатады.

 

Финалдық сатымызды бастаймыз да, бірінші сұрағымызды жасыл жолды таңдағанға ұсынамыз. Мұқият тыңдаңыз.

 

1-сұрақ:Сіз әскери антты қабылдап үлгермеген әскери қызметшісіз делік. Белгілі бір себептермен өрескел теріс іс жасап қойдыңыз. Сізге қандай  жаза қолдануға болады және қандай жазаны қолдануға болмайды?

 

Жауап:Сөгіс, кезекті сейілдемеден айыру, жұмысқа нарядқа тағайындау болады, гаупвахтаға қамауға бомайды.

 

Жүргізуші бұл оқушының жауабы дұрыс болса құптап-мақтап, дұрыс болмаса жай жұбатып жолының келесі сатысына адымдатады.

Ендігі кезек сары жолға түскен ұланға. Мұқият тыңдаңыз, ұмытпаңыз: сіз бір-ақ рет қателесе аласыз.

     

2-сұрақ.Сіз ұрыс жағдайында әскери қимыл жүргізіп жатқан бөлімше командирісіз делік. Сізде штабпен, взвод, рота командирімен байланыс мүмкіндігі бар. Қарсылас кенеттен шабуыл жасады, жағдай туралы кімге баяндауға міндеттісіз?

Жауап:Аға командирге, яғни взвод командиріне.

 

Жүргізуші бұл оқушының жауабы дұрыс болса құптап-мақтап, дұрыс болмаса жай жұбатып жолының келесі сатысына адымдатады.

Ал ендігі сұрақтың кезегі ешбір қателеспей жауап беруге міндетті болған ұланға келіп жетті.

 

3-сұрақ:         Сіз окопта танктерге қарсы ұрыс жүргізіп жатқан сарбазсыз делік. Егер окопқа, не гранат лақтырмақ болып тұрған жерге танк жақындап келе жатса, гранат лақтыру үшін танктің қанша метр қашықтыққа жақындап келуін тосуыңыз қажет. Егер гранатыңыз танкті тоқтатпаса сіздің әрекетіңіз қалай болуы керек?

Жауап:25-30 метр, окоптың түбіне жата қалу, не бір жағына қарай жалт береді. Танк жүріп өткен соң, тез қарғып тұрып оның осал тұсына гранат лақтырады. Қираған танктің экипажы одан түсуге ұмтылғанда, оны автоматпен атып жояды.

     

Жауап дұрыс болса, келесі сатыға қошеметтеп өткізеді, бұрыс болса ойын алаңын қалдырып кетуді жұбатып ұсынады.

Осындай ретпен жүргізуші келесі айналымды бастайды. Сөйтіп ойынның жеңімпазы анықталады.

 

 

                        2-айналымның сұрақтары:

 

1-сұрақ:         Ұшу жылдамдығы 150 м/с шамадан асатын нысандарға қолданылатын ату әдісі қалай аталады?

Жауап:  Бөгей ату.

 

2-сұрақ:          Бұл әскери нысандар мина жарылғыш, жарылмайтын, аралас болып сараланады, танкке қарсы жаяу әскерге қарсы, кемелерге қарсы болуы мүмкін.

Жауап:  Инженерлік бөгеттер

 

3-сұрақ:КМТ-SТ техниканың түрі ме немесе жабдық па? Ол не үшін қолданылады?

Жауап:  Табанжолдық миналық трал жабдығы.

     

 

3-айналымның сұрақтары:

 

1-сұрақ.  Сіз кімсіз?

Бөлімше құрамында мынадай іс-қимыл жасайсыз: қару-жарақты, оқ-дәріні, көздеу аспаптарын, оқтау мен бағыттау тетіктерін қарайсыз; ақауларын жөндейсіз; көздеу аспаптарын және қосарланған пулеметтің мұқият  тексерілуін қарайсыз, бақылау аспаптарының жөндемділігін, құрал-сайман мен қару-жарақтың запас бөлшектерінің болуын тексересіз.

 

Жауап:  Көздеуші-оператор.

 

2-сұрақ.Бұл қандай әскери ұйым?

Бейбіт уақытта басқа әскерлер мен әскер жасақтамалары штабтарымен бірге бірлескен іс-қимылдың нұсқаларын  жоспарлайды және іс-қимылды ұйымдастырады.

 

Жауап:  ҚР Қарулы Күштерінің Бас Штабы

 

3-сұрақ.Бұл қандай әскер?

Қарулы Күштердің жауынгерлік және күнбе-күнгі қызметін қамтамасыз ету жөніндегі арнайы міндеттерді орындауға арналған әскер бөлімдері мен бөлімшелері.

 

Жауап:  Арнайы әскер.

 

 

Жүргізуші:     Қымбатты көрермендер және ұландар! Бүгінгі сайысымыз да мәресіне жетті. Сіздердің барлығыңызға үлкен-үлкен табыстар, егемен елімізге тыныштық пен береке тілей отырып, бүгінгі ойын-байқауымызды Ұлықбек Есдәулеттің мынандай керемет сөздерімен аяқтағым келеді:

                                  Шаңырағың – шырағым,

                                  Топырағың – тұмарым,

                                  Ғаламда жоқ сыңарың,

                                  Ғажайыбым, жұмағым,

                                  Басы таза бұлағым,

                                  Басылмайтын құмарым,

                                  Қазақстан – қыраным!

 

 

Соңында патриоттық әндер мен Қазақстан Республикасының гимні орындалады.

 

“Жігіттің сұңқары кім?”,

                                      саралаңыз

(Сайыс-байқау)

 

1-бастаушы: Құрметті қауым! Сіздерді “Жігіт сұлтаны” сайысын тамашалауға шақырамыз.

 

2-жүргізуші:   Береке де осында,

                        Мереке де осында.

                        Болып жатыр той-думан

                        Қырандардың қосында.

 

1-жүргізуші:   Асқақтаған ән дайын,

                        Күмбірлеген күй дайын.

                        Ал, кәнекей, қырандар!

                        Босқа қарап тұрмаңдар!

                        Бастап жігіт өнерін,

                                  алыстарға самғаңдар!

 

2-жүргізуші:Құрметті көрермен қауым! Енді сайысқа түсетін жігіттерді қол  шапалақтап, қошаметтеп ортаға шақырайық.         

 

1-жүргізуші:  Сайысқа қатысушы жігіттер көпшілікпен сәлемдесіп, өздерін таныстырады. Жігіт сұлтанының бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсың деген сұраққа жауап береді.

 

2-жүргізуші:   Ей жігіттер!

                        Сендерге артар міндет көп.

                        Көтер биік ата салтын құрметтеп

                        Ақтай білсең ата-баба үмітін

                        Әрбір сөзі – тәлімі мол бір мектеп.

 

Сұрақтар:      Нөмірленген асықтардағы сұрақтарға жауап беру.

 

№1 асық.        Мал жіліктерінің атауын айт.

      І. Қол жіліктері:  6

1.   Кәрі жілік – 2

2.   Күң жілік – 2

3.   Жауырын – 2

      ІІ. Сан жіліктері: 6

1.   Асықты жілік – 2

2.   Тоқпан жілік – 2

3.   Жамбас – 2

 

№2 асық.         Қонаққа ет тарту рәсімі қалай?

1.   Құда табақ: бас, жамбас

2.   Күйеу табақ: төс т.б.

 

№3 асық.         Төрт түлік мал пірінің  аталуы қалай?

1.   Түйе – Ойсылқара

2.   Жылқы – Қамбар ата

3.   Қой – Шопан ата

4.   Ешкі – Шек-Шек ата

5.   Сиыр – Зеңгі баба

 

№4 асық.  Қазақша ай аттарының аталуын  айту керек.

1.   Қаңтар                                   7. Шілде

2.   Ақпан                                     8. Тамыз

3.   Наурыз                                  9. Қыркүйек

4.   Сәуір                                      10. Қазан

5.   Мамыр                                   11. Қараша

6.   Маусым                        12. Желтоқсан

 

№5 асық.  Төрт түлік мал төлдерінің аталуы қандай?

                        І. Жылқы - құлын

                        ІІ. Сиыр - бұзау

                        ІІІ. Қой – қозы

                        ІҮ. Ешкі – лақ

                                          

№6 асық.                  Жыртқыш құстардың атын ата.

                        Бүркіт, лашын, қыран, қырғи.

 

 

№7 асық.         Қазақ халқының салт-дәстүр,

               той-томалақтарын  атап шық, біреуін түсіндір.

Бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесер, сүндетке отырғызу, беташар, көкпар, той бастар.

 

№8 асық.  Аттың ер-тұмандарына нелер жатады?

Жүген, ішкілік, тоқым, ер, үзеңгі, аткөрпе, тартпа, қамшы.

 

1-жүргізуші:   Әділ қазылар алқасы жігіттердің ұпайын шығарғанша кезекті әнге берейік.    

(Ән орындалады)

 

2-жүргізуші:   Қыран-бүркіт көтерер ердің нарқын,

                        Қыран жігіт асырар елдің даңқын!-

демекші, енді жігіттерміздің өнерін тамашалайық.

 

                        (Әрқайсысы өз өнерін көрсетеді)

 

1-жүргізуші:   Ат өнері білінбес,

                        Бәйгеге түсіп жарыспай.

                        Ер өнері білінбес,

Қоян қолтық алыспай, -  демекші, енді жігіттеріміздің спорттық жарыстардағы өнерлерін көрейік.

1.   Салмақ тасын көтеру.

2.   Мойын арқан тартпақ.

3.   Білек күшін сынау.

 

2-жүргізуші:   Жігіттер, жаман істі кәсіп етпе,

                        Досыңды бірге жүрген басып өтпе,

                        Басыңа әлдеқандай  іс түскенде.

Келесі кезекті тағы да әнге берейік.

 

                                 (Ән орындалады)

 

1-жүргізуші:   Жылдар-жылдар тарихтың мол беттері,

                        Сен әкелген жақсылықтар көп тегі.

                        Көңіліңді шат сезімге баурайды,

                        Халқымыздың бүгіні мен өткені.

 

(Тарихи тұлғалар, ескі ұғымдар туралы сұрақтарға жауап беру) 

 

Сұрақтар: Асықтар арқылы жауап береді.

 

№1 асық.         Қазақ халқының тарихында қандай хандар, батырлар, билер, шешендер өткен?

 

Хандар:  Абылай, Әбілхайыр, Тәуке, Жәңгір т.б.

Батырлар:      Сыпатай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай т.б.

Шешендер:      Жиренше, Бөлтірік т.б.

Билер:    Қаз дауысты Қазыбек, Төле би, Әйтеке би т.б.

 

№2 асық.         Үш ұғым туралы сұрақтар

1.   Үш  жүз:  Ұлы, Орта, Кіші

2.   Үш арсыз: Ұйқы, тамақ, күлкі

3.   Үш даусыз: Мінез, кәрілік, ажал

 

№3 асық.         Жеті атаны талдап беру.

               Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.

 

№4 асық.         5 асыл мен 5 дұшпанды ата.

                Бес асыл мыналар: талап, еңбек, терең ой,

               қанағат ету, рақым жасау.

               Бес дұшпан мыналар: өсек, өтірік, мақтаншақ,

               еріншек,  бекер мал шашпақ.

№5 асық.         Ұлттық ойындардың түрлерін атап шық.

               Ақсүйек, асау үйрету, арқан тарту, тымпи,

               сақина салу т.б.

 

Жүргізуші:    “Жеті атасын білмеген жетесіз” – деп халқымыз айтпақшы, кешіміздің соңында біздің қыран жігіттеріміз өздерінің жеті аталарын атап, дастарханымызға бата берсін!

 

      (Сайыс соңы концерттік бағдарламаға ұласады)

 

 

 

Бабалар сөзі – тәрбие көзі

 

Кітапхананың оқу залы әдемі безендірілген. Көрнекті жерге Қазақстан Республикасының  рәміздері ілінген. Қонақтар, оқырмандар осы залға жайғасуда.

(КомпозиторН.Тілендиевтің “Ата толғауы” күйі жаймен ойналып тұрады)

 

1-жүргізуші:            Көп жасаған қария

                                  Ақылы теңіз-дария.

                                  Көп өнеге сөзі бар

                                  Сөзі – соқпақ, өзі нәр.

                                  Ата салты – ардақты,

                                  Әрбір сөзі – салмақты.

                                  Сол сөздерді ұқпасаң

                                  Тістерсің бір күн бармақты.

 

2-жүргізуші:  Бабалар сөзі  - кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен  шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы.

Мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық болжамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, жүрегімізден орын алуда.

Біздің ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие берерліктей өсиет сөздер бар.

“Бабалар сөзі – тәрбие көзі”атты сауалнама-әңгімеміз қарт ата мен жас жігіт арасында болған әңгіме түрінде өтеді. Яғни, қарияның жігітке қойған сауалына жігіттің жауап беруі және қарияның ол пікірді толықтырып өз ойын айтып беруін көрсетеміз.

     

1-бала:- Арман деген не? – депті қария.

- Ата арман дегеніміз ақыл-ойдың шындығы. Құс  -ұшсам дейді, бала - өссем дейді, қыз – көрікті болсам дейді, жігіт – бақытты болсам дейді, қарт – жүзге  жетсем дейді, ұстаз – шәкіртіне үлгі болсам дейді.

Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмайды.

Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, - депті қарт.

 

2-бала: - Бақытты болу оңай ма? – депті қарт.

- Ата, жары жақсы болса, бақыты жанында – депті жігіт.

- Жоқ балам, ақыл басында болса, бақыт жанында болады. Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты боламын десең, ақылдылықты үйрен, не ақылды қызға үйлен.

 

3-бала: - Дос табу оңай ма? – депті қарт.

- Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын.

- Жоқ балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Ақылдының досы аз, қасы көп, ақымақтың досы көп болғанымен жақсылығы жоқ. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың, - депті қарт.

 

4-бала: - Өмірде не жетім? – депті қарт.

- Ата-анасы жоқ бала жетім – депті жігіт.

- Дұрыс балам. Өмірде ата-анасы жоқ болса бала тірі жетім. Өмірде тоғыз жетім бар. Халқына сенімсіз болса – хан жетім. Ханы ақылсыз болса – халқы жетім, кеңесшісі ақылсыз болса - әкім жетім, суы жоқ - құдық жетім, ұлы жоқ - әке жетім, қызы жетесіз болса - ана жетім, досы жоқ -жігіт жетім, шәкіртсіз – ұстаз жетім.

Өмірде жетім болсаң есірме. Ақылды жетім кеңесуге құмар; Ақылсыз жетім егесуге құмар. Егескен ел болмайды.

 

5-бала: - Үйде кім, елде кім қадірлі?

- Ата, үйде ана, елде бастық қадірлі – депті жігіт.

- Жоқ балам, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала үйдің патшасы, балалы үй базар, баласыз үй  қу мазар, - депті қарт.

 

6-бала: - Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

- Ата, жоқты бар, ашты тоқ ететін мейірімді әке, - депті жігіт.

- Жоқ балам, әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін ол – ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.

Ана – үйдегі бақ, әке отыратын - тақ. Ана ақылды болса үйдің қуанышы, әкенің жұбанышы – депті қарт.

 

7-бала:-Елді кім, үйді кім бүлдіреді? – депті қарт.

-              Ата, елді өсекші бүлдіреді, үйді ақылсыз бала бүлдіреді.

-              Есіңде болсын, ақылсыз басшы елді бүлдіреді, ақылсыз әйел үйді бүлдірер.

Әкім – ақылсыз болса – ел тозады, өсек әкімді өсірмейді. Өсекті тыңдау - әкімге жараспайды, өсиетті тыңдау тақтағы ханға жараспайды, -  депті қария.

 

8-бала: - Үйдегі алтын қазық кім? – депті қарт.

- Ата, үйдегі алтын қазық бала, - депті жігіт.

- Жоқ балам, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана ақылшың, әке қамқоршың, ағаң қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың қанатың  екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде, - депті қарт.

 

9-бала:- Өмір сүру үшін не  қажет? – депті қарт.

- Ата, өмір сүру үшін алтын, ақша, нан, мал қажет, - депті.

- Жоқ балам, адамның өмір сүруі үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің нәрін береді, от өмірдің сәнін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз көңілдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнін береді. Адам ақылмен ағайынды табады, ақылсыз адам ағайыннан безеді, - депті қарт.

 

10-бала:- Шындықты не бұзады? – депті қарт.

- Ата, шындықты тіл бұзады, - депті жігіт.

- Дұрыс, балам, шындықты тіл бұзса, өкініші көбейеді, не өсек көбейеді. Шындықты білу қиын, айтылған сөзді тоқтату қиын. Адал адам шындықты білсе, өсек қылады. Өсек ерді бұзады. Өсекті көп айтқан шындықты білмейді, шындықты білген өсекшіге ере бермейді. Өмірде шындықты өсек бұзады, - депті қарт.

 

 

11-бала: - Адамға ақыл беретін кімдер?– депті қарт.

- Ата, ана тілі ғой ақыл беретін, - депті жігіт.

- Жоқ балам, ана тілі ойды өсіреді. Адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы екенін ұмытпа. Ата-ана ақылын баласы мен қызына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Жақсы ақыл  адамды тез есейтеді. Адамға ақыл беретін адал дос. Адал дос ақылшың, ақылшы дос – жақының. Досы көптің табысы көп, табысы көптің жақыны көп. Достықтың көзі ақылдан басталады, - депті қарт.

 

12-бала: - Адамның ақылы қайда? – депті қарт.

- Адамның ақылы тілінде, ата, - депті жігіт.

- Жоқ балам, тіл ақылдың айнасы, ақыл істің пайдасы. Есіңде болсын, ханның ақылы тағында, әкімнің ақылы жанында, ғалымның ақылы басында, ананың ақылы жасында, жігіттің ақылы жақсылығында, ақымақтың ақылы кім көрінгеннің қалтасында, - депті қарт.

 

13-бала: - Достықты нығайтатын не? – депті қарт.

- Ата достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады.

- Дұрыс, балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты дамытады. Есіңде болсын,  шын достың ақылдыға тән екенін ұмытпа. Өмірде дос болуды ойласаң “Сәлеметсіз бе, кешіріңіз, рахмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз, рұхсат па” дегенді үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі, кешіре білген рахмет те айта біледі. Жөн сөз көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз  өміріңді өшіреді – депті қарт.

 

1-жүргізуші:Міне, балалар, көрдіңдер ме, дос табу үшін, елде кімнің қадірлі екенін, өмір сүру үшін не қажет екенін, шындықты бұзатын, достықты нығайтатын не екенімен таныстық және осындай ғибрат аларлық сөздерді есте сақтау керектігін ұмытпаңдар.

 

2-жүргізуші: Енді “Ескірмейтін есті сөз” айдары бойынша ойын-жарыс өткізіледі.

Бұл бөлімге дайындалу балалардың өздеріне тапсырылған. Күнделікті өмірде ата-әжелерің, әке-аналарыңның айтып отыратын ырым мен тиым сөздер жарысын өткіземіз. Кім көп біледі екен?

 

1-бала: Отқа су құйма, түкірме. Себебі кезінде ата-аналарымыз отқа табынған. От өмір, тіршілік көзі саналған.

 

2-бала: Мал сүйегін отқа жақпа, ақты төкпе.

Себебі тірі малдың сүйегі сырқырап, желіні іседі, малсыз қалып жоқшылыққа ұшырайды деген ұғым бар.

 

3-бала: Қазақ түнде мал, адам санамайды, себебі басың кемиді деп есептеген.

4-бала: Пышақтың жүзін жалама, пышақты кезенбе. Себебі пышақ  ұзарып кетеді.

5-бала: Үйге қарай, үйді айналып жүгірме.

6-бала: Күлді, тұзды баспа, шашпа, аяғың ауырады.

7-бала: Жағыңды, беліңді таянба, тізеңді құшақтама. Тек қаралы адамдар ғана осылай отырады.

8-бала: Бас киіміңді лақтырма, теппе, басың ауырады.

9-бала: Нанды шашпа, баспа, нан - өмір нәрі.

10-бала: Туысыңа ит, пышақ сыйлама, себебі араз болып қалуың мүмкін.

11-бала: Өсек, өтірік айтып, жағымпаз, мақтаншақ болма.

12-бала: Үш күн айтта кір жууға, тырнақ, шаш алуға болмайды.

13-бала:Адамға ажал шақыратын мына ырымдар:

Саусақты тарақтап, қолды көкірекке не желкеге қойып жатпайды. Мойынға бос арқан салмайды. Қамшының өрімінен ұстап сабын жерге сүйретпейді. Жуылған киімді далаға оң қаратып жаймайды.

14-бала: Тәңертең міндетті түрде өз үйіңнен ораза ашып (тамақ  ішіп) шық. Себебі “таңғы тамақ тәңірден” деген сөз бар.

15-бала: Дастарханды баспа, аттама.

16-бала: Сыпырғышты көкке көтеріп, баланы ұруға болмайды.

              

Міне осындай ырымдар мен тиымдарды еске сақтап,

орындап жүруіміз қажет.

 

(Музыкалық үзіліс)

 

1-жүргізуші: - Ендігі кезекте біз ненің жақсы, ненің жаман екендігімен, қасиетті ұғымдармен танысуымыз керек. Бұл бөлім сайыс түрінде өтеді. Қонақтар мен оқушылар болып сайысқа  түсеміз. Сұрақтарға жауап беру кезегін алдымен қонақтарға береміз, соңынан оқушылар толықтырады.

 

2-жүргізуші:   Жерден ауыр не бар?

                        Судан терең не бар?

                        Оттан ыстық не бар?

                        Көктен биік не бар?

 

(Қонақтар жауабы тыңдалады)

 

Оқушы:          Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,

                        Судан терең дегенім – оқу, ғылым.

                        Оттан ыстық дегенім – адамның өмірі.

                        Көктен биік дегенім – тәккапардың көңілі

 

1-жүргізуші:  Алты алаш деген не?

Оқушы:- Алты алаш деген – Алаш ханның балалары – Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Жайылхан.

 

2-жүргізуші:  Дүниеде не жетім?

 

Оқушы:          Жаңбыр жаумаса – жер жетім,

                        Басшысы болмаса – ел жетім.

                        Ұқпасқа айтылған – сөз жетім

     

1-жүргізуші:   Дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не қатты?

Оқушы:Ананың сүті тәтті. Ананың қолы жұмсақ. Әкенің жүрегі қатты.

 

2-жүргізуші:   Дүниеде ең жақының кім?

Оқушы:          Тату болса – ағайын жақын

                        Ақылшы болса – апайың жақын

                        Бауырмал болса – інің жақын.

                        Инабатты болса – келінің жақын.

                        Алдыңа тартқан адал асын,

                        Қимас жақын – қарындасың.

 

1-жүргізуші:   Дүниеде не қымбат?

Оқушы:          Алтын ұяң – Отан қымбат,

                        Құт-береке – атаң қымбат.

                        Аймалайтын анаң қымбат.

                        Мейірімді – апаң қымбат.

                        Бәрінен де ұят пенен ар қымбат.

 

2-жүргізуші:  Дүниеде не қиын?

Оқушы:          Арадан шыққан – жау қиын.

                        Таусылмайтын дау қиын.

                        Шанышқылаған сөз қиын.

                        Жазылмаған дерт қиын.

                        Іске аспаған серт қиын.

                        Ақылынан адасып,

                        Өзің түскен өрт қиын.

                        Не істеріңді біле алмай,

                        Ашиды сонда бас миың.

 

(Музыкалық үзіліс)

 

1-жүргізуші:  Енді біз сайысымызды мақал-мәтел айту түрінде жалғастырамыз. Мақалды біз бастаймыз, қонақтар жалғастырып аяқтайды. Егер қонақтар жалғастыра алмаса, кезекті оқушылар алады. Таңдап алынған мақалдар тіл, шешендік, ата-ана, ұл, қыз туралы айтылады.

     

(Мақалдардың бірінші бөлігін екі бастаушы кезек айтып, жалғасына жауап күтіп тұрады)

 

1.   Таппасаң сөздің жүйесін ... (отына өзің күйесің)

2.   Ақылдының сөзі қысқа, ... (көпке болар нұсқа)

3.   Шешен сөз бастар, ... (батыр қол бастар)

4.   Қылыш жарасы бітеді, ... (сөз жарасы бітпейді)

5.   Көп ішінде сөйлеген, ... (ойға салмай сөйлеген)

6.   Көсемдіктің белгісі, ... ( шешендіктің белгісі)

7.   Көп сөз – күміс, ... (аз сөз – алтын),

8.   Жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз ... (жақсы қыз – жағадағы құндыз).

9.   Ақылың ағаңда болсын... (құндызың жағаңда болсын).

10.Әке көрген оқ жонар ... (шеше көрген тон пішер).

11. Өткір тіл – дарын ,... (ұзын тіл жауың)

12.Тоқсан ауыз сөздің ... (тобықтай түйіні бар)

13.Тіл тас жарады,... (тас жармаса бас жарады).

14.Жігіт болсаң 7 жұрттың тілін біл ... ( немесе 7 түрлі ғылым біл)

 

Осыдан  соң сайыстың  қорытындысы шығарылады.

 

1-жүргізуші:  Міне, балалар, сендер тәлім-тәрбие аларлықтай “Бабадан қалған асыл сөздер” өте көп екен. Сондықтан  да үлкендердің әр сөзіне зер салып, әр сөзінің астарына үңіле қарай білу керек. Әсіресе үйдегі ата-әжелеріңнің, ата-аналарыңның әр сөзін ұғып, кәрі адамдардың ақылын, өсиетін есте сақтаңдар.

 

1-оқушы:                 Атам - кітап, мен - дәптер,

                        Ақыл толы сөзіне.

                        Қызығам да әлбетте

                        Көшіремін өзіме.

 

2-оқушы:                 Еш дүкенде сатылмас,

                        Тегін кітап атамыз.

                        Қанша оқысаң сарқылмас

                        Өмір – кітап – атамыз.

 

3-оқушы:                 Беттер ашық ұдайы,

                        Оқылатын кітап ол.

                        Сырын ашып ұдайы

                        Тоқылатын кітап ол.

 

      Соңы концерттік бағдарламамен жалғасады

 

 

                                                              ҚОСЫМША

Қазақ елінің қаһармандық тарихы

(Әдеби қойылым)

 

Алаш жұрты, жанашыр жақындарым,

Тапталмауға білесің хақың барын.

Ұлт үшін ұрандатып ұрыс салған

Қайда сенің кешегі батырларың?!

Аңсар, 2007. - №5

 

Сахна төріне Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Наурызбай батыр, Райымбек батыр, Сапытай батыр, Исатай батыр, Бауыржан батырдың портреттері ілінеді, ғимарат іші тарихи ерліктерге лайықталып безендіріледі

 

 

 

Тарихшы:      (Тарихшы мен жыршы сөзіне сәйкес кинокадрлар көрсетіледі). Қазақ елі  - сонау Алтайдан Пиренейге дейін билік еткен Еділ батырдың елі. Қазақ  елі – асқан батырлығымен, ақыл-парасаттылығымен Египет еліне билік жүргізген Бейбарыстың, Үндіні билеген Бабырдың елі.

 

Жыршы:                           Қазақ жері – қонақжай төрдің жері,

                                  Қазақ елі – Қас сақтай ердің елі.

                                  Елі кедей болмаған – жері байтақ,

                                  Еділ ердей, Бабырбай шерлер елі.

                                  Азат  бүгін байлыққа тұнған жерім,

                                  Азат жүгін, ел жауын қуған ері.

                                  Әділет пен бірлікке жанын қиып,

                                  Әділ өткен билердің туған жері.

 

                                  Қазақ жері көп шеккен қасіретті,

                                  Қазақ ері - өнерлі, өсиетті,

                                  Египетті билеген Бейбарыстың

                                  Елі – текті, киелі, қасиетті.

                        Қорлаған жау – басқыншы халыққа мұң,

                        Қорғаған ер – ойлаушы халық қамын.

                        Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыстар ...

                        Қорғап қалды ел бағын алыптарым!

 

Тарихшы:               1793 жыл. Ел жайлауға көшіп жатқан кез. Алтайдан Атырауға дейін тыныштық орнатқан қазақ елі. Қаннен-қаперсіз, шат-шадыман жаз жайлау қызығын көруге бет алғанда, Жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қазақ халқын қан жылатты. Дүрліккен ел шұбыра қашып, табаны езіліп, шұбырынды халық “ақ табан” болды. Аңдыздаған  жұрт Алқа көлге аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады.

     

               (Зарлы әуен “Елім-ай” хоры айтылады)

 

Зар:                          Қаратаудың басынан көш келеді,

                        Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

                        Қарындастан айырылған қиын екен,

                        Қара көзден мөлтілдеп жас келеді...

 

Тарихшы:      Қаратаудың баурайында қалың қазақ бас қосты. Елдің елдігін, ерлігін соңғы рет сынайтын күн туды. Жауға соққы беріп, жалпы жұртты аман алып қалу үшін, данышпан ата Төле би батырларды батылдыққа, елді бірлікке шақырады.

 

Жыршы:                  “Даудан қашық жүріңдер, дүрлікпе тек!

                        Жаудан қашып, қор болып үрікпе” – деп,

                        Біріктірді қазақты Төле би:

                        “Бақыт, жеңіс, азат күн – бірлікте!” – деп.

 

Тарихшы:      “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді!” Тұрған жерін тұрақтаған тұғыры биік ел едік, іргемізді ірітпей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, атам қазақтың абыройын сақтайық” – деді  Төле би бабамыз.

Кіші жүзден кісілігін танытқан Әйтеке би, орта жүзден ордасын тіккен Қазыбек би ұлы жүздің ақ сақал биінің билігіне бас иіп, елді біріктірді. “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін”, - деді олар. Кең пейілді, бауырмал халық бір тудың астында “Сабалақ батыр” аталған Абылайды хан көтерді.

 

Жыршы:                  “Абылайлап”, Сабалақ қол бастады,

                        Абылай хан атанып, ел басқарды.

                        Ерлігінен хандардың басталады

                        Егемендік, елдіктің сел бастауы.

                       

      (Бұқар жыраудың Абылай хан туралы жырларынан үзінді жырланады)

 

Тарихшы:      Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен заман болды.

Қалың елді Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай батырлар бастап, азулы жауды Аңырақайда аңыратып жеңді, Райымбек сияқты киелі батырлар кейін шапқан кесапат жауды қасиетті қазақ жерінен біржола қуып тастады.

 

Жыршы:                  Ер елінің Қабанбай тірегі боп,

                        Өренінің мақтаны, жігері боп.

                        Ерлік сапта жүр мәңгі өзі бастап,

                        Әр ұрпаққа күш берер жүрегі  от.

 

                        Егес етсе Бөгенбай дана батыр

                        Ту көтерді Наурызбай – дара батыр:

                        Айбары боп елдіктің – ердің ісі,

                         Айғағы боп ерліктің дала жатыр.

 

                        Райымбек әулие  - қасиеттім,

                        “Құдайым” деп жаулары бас иетін.

                        Балалары батыр боп орындады

                        Бабалардың өнеге-өсиетін.

 

(Батырлық жырлардан үзінділер айтылады)

 

Тарихшы:      Қаралы қалмақ қырғынынан соң, ес жиған елді есеңгіреткен, ердің намысын өртеген тағы бір оқиға – Қоқан хандығының жүгенсіздігі болды. Халық батырлары ел намысын қорғады. Елім деп туған ер Сыпатай халық бірлігін қорғап, достық туын көтерді.

     

 

Жыршы:                 “Мықтымын” деп қоймаған қоқаңдауын,

                        Ықтырды кеп Сыпатай Қоқан ханын

                        Ойран етті ниетін басқыншының,

                        Ойлап өтті бірлікті – Отан қамын.

 

 

Тарихшы:      ХҮІІІ-ХІХ ғасыр. Қазақ билері мен хандары иек артып, көмек еткен орыс патшалығы бірте-бірте өз мақсатын орындап, қазақ жерін отарлап, қазақ елін аздыра бастады. Ел ішіне ірткі салып, зымияндық саясатпен ел бірлігіне, ұлттық қасиетімізге, тіліміз бен дінімізге,  кеңдігіміз бен елдігімізге кесір келтірді. Оған қазақ шаруалары ызаланып, кек көтерді.

Исатай мен Махамбет бастаған ел көтерілісі сәтсіз болса да, ел намысының айғағы еді.

 

(Құрманғазының “Кішкентай” атты күйі тартылады, ортаға жыршы шығады)

 

Жыршы:        Орнатам, деп Исатай бостандықты,

               Ордадан – кек, құптауды достан күтті

               Жаңғырған мың-шаруа күресінен

               Жәңгір хан мен ақ патша жасқаныпты.

 

(Махамбеттің “Ереуіл атқа ер салмай”, “Мен, мен едім, мен едім”, т.б.жырлары айтылады)

 

 

Тарихшы:      1941-1945 жылдар. Адамзат тарихында болмаған алапат соғыста бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзаттық азаттықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Жүзге тарта қазақ қаһармандарына Кеңес Одағының Батыры деген абыройлы атақ берілді. Батырлықты батырлардың батыры Бауыржан Момышұлы бастады.

 

(«Жас қазақ» әнінің әуенімен жыршының жыры естіледі. Төлегеннің бейнесі көрсетіледі)

 

 

Жыршы:                 Тоқтаровтай батырлар неткен жалын!

                        Оқтан ықпай, елім деп төккен қанын.

                        Батырларым жалынын жалаулатып,

                        Жатыр мәңгі аялап еккен бағын.

 

                        Бауыржандай Мәскеуді қорғап қалған,

                        Бауырмалдар жауға елді қорлатпаған.

                        Жатыр бүгін жалын боп алыптарым,

                        Батырлығы бағым боп орнап қалған.

 

                        Қорған болған елінің елдігіне,

                        Батырлардың бас идік ерлігіне!

                        Ұрпақтары қаһарман бабалардың

                        Тәуелсіздік қамалын көрді міне!

 

Тарихшы:      1986 жыл. Желтоқсанда отты оқиға болды. Елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты. Желтоқсан желі дауылға айналды. Өрттей қаулаған өжет жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті.

 

Жыршы:                 «Қазақ елі хан сайлар зор данасын,

                        Ғажап елді келімсек қорламасын!»

                        Деп, Қайраты көтерді намыс туын,

                        Кек қайнатты өрт толып Орда басын.

 

(“Желтоқсан желі” әні айтылады. Желтоқсан оқиғасына байланысты кинокадрлар көрсетіледі)

 

Тарихшы:               1991 жылы қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышта ерлік көрсетті.

 

Жыршы:                 Келді, міне, ерлікті бағалар күн,

                        Аруағы қолдады бабалардың.

                        Ғарыш шарлап оралды Тоқтар батыр,

                        Мұратыңа ие бол, бауырларым!

 

(Шаттық күйі. Ту ұстаушылар әуен әусерінде Республика туын сахна төріне алып шығады. Жұрт орындарынан тұрып, ту астында еліміздің әнұранын айтады)

 

 

ҚОСЫМША

 

Сарғайса да тарихтың ақ парағы,

Ол күндер мәңгі есте сақталады

 

Елі үшін жанын қиған,

Ерлер есте сақталады.

Жас жүрекке жалын құйған

Ерлік есте сақталады

      С.Мәуленов

 

Қазақстан және ұлы Отан соғысы

Тарихи деректер:

 

Ц   Соғыс жылдары Қазақстан жерінде 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полктер, батальондар құрылып, майданға аттанды.

Ц   Жауынгерлері жаумен жан аямай шайқасқан қазақстандық бес әскери құрамға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына бірнеше ордендер қадалды. Олардың қатарында жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналған атақты 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы да бар.

Ц   Соғыс кезінде 3,5 мыңдай қазақстандықтар партизан отрядтарының құрамында болып, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.

Ц   Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 96638 қазақстандық жауынгер бірнеше дүркіннен орден және медальдармен марапатталды. 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ болатын. 142 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері болды.

Ц   Соғыстың 4 жылы ішінде Қазақстан мемлекетке 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155 ,3 мың тонна мақта тапсырды.

Ц   Қазақстан еңбекшілері майданға 25 миллион дана жылы киім, Отан қорғау қорына 4 миллиард сомнан астам қаражат берді.

Ц   Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам қатынасты, Орта Азия республикаларынан соғысқа  3 миллионға жуық адам қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар екен.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарулы Күштерде 4 орталық, 19 майдандық және флоттық, 103 армиялық газет, ұлттар тілінде 50 газет шығып тұрды. Сол сұрапыл ауыр жылдарда қазақ тілінде 10 майдандық, 3 дивизиялық, 1 округтік газет жарық көрген. Олар: «Қызыл әскер ақиқаты», «Қызыл Армия», «Жауға қарсы аттан», «Отан үшін алға», «Дабыл» және т.б.

Уақыт  тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесі көмескіленіп “көзден таса, көңілден ұмыт, қалдыра алмайтын жылдар, оқиғалар болады. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған адамның өмірін қиып, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмайды.

Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырар емес. Сол жылдар жаңғырығы адамзат жүрегін әлі сыздатуда.  Иә, уақыттың тарих атты өз төрешісі бар. Бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын, сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған солдатты ұмытуға құқымыз жоқ. Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз.

Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Халық жадында  құрамында 30 ұлттың өкілі бар (бұлардың 3 мыңдайы қазақстандықтар) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Біраз көркем әдебиеттерден үзінді беруді жөн көрдім;

Орыстың белгілі жазушысы А. Бек 1944 жылы Москва шайқасын суреттеу, көпшілікке көркем әдебиет тілімен насихаттау мақсатымен “Арпалыс” (“Волоколамск тас жолы”) кітабын жазған болатын. Бұл кітаптың бас кейіпкері Б.Момышұлының және 28 панфиловшы батырдың жанқиярлық ерліктерін тамаша суреттеген.

Олар 28 еді! 1941 жылдың 16 қарашасында немістер Москваға Волоколам бағытында ұрысқа шықты. Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс  шебіне жаудың 30 танкісі шабуыл жасады. Ротаның саяси жетекшісі В.Ключков басқарған взвод жауынгерлері – барлығы 28 адам төрт сағатқа созылған ұрыста жаудың 14 танкісін қиратты... Соғыс тарихында асқан ерлікті бейнелейтін бұл ұрыста 28 панфиловшының 23-і қаза тапты. 28-дің 22-сі қазақстандықтар еді.

Қазақстан жерінде жасақталған В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия  Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді. “Әдетте суретшілер мен қалам шеберлері Шығыс адамдарын ажары сынық, мүләйім, қиялшыл кейіпте суреттейді. Сондай бейнелердің ішінде түрлі-түсті ұстаның қолынан шыққандай, сан алуан пішіндер кездеседі, бірі көз тартарлық көрікті келсе, бірі сүреңсіз де сүйкімсіз. Бауыржанның бет пішіні сол бейнелердің көбінен өзгеше, өнері жетік бір зергер ерінбей, жалықпай мәнерлеп, асыл тастан ба, әлде емен ағаштан ба, әйтеуір, бір өткір аспаппен мінсіз жонып жасалғандай”. Бұл орыстың белгілі жазушысы А.Бектің “Арпалыс” кітабынан үзінді.

Кейін Б.Момышұлының өзі жазған “Москва үшін шайқас” повесі де осы тарихи оқиғаға арналған.

Әди Шәріпов “Партизан қызы” – көркем, әрі әсерлі шығарма. Повесте жауынгерлердің әр сәт сайын ажалмен алысып, өліммен бетпе-бет ұстасып арпалысқандарын артық бояусыз көрсете білген. Олар Отан үшін басын бәйгеге тігіп, көзсіз ерлік жасай білді. Кез келген уақытта кеуделерін оққа тосып, қажет болса жолдастарына қалқан болды.

Кітап қарапайым тілмен жазылған, көпшілікке түсінікті. Солай бола тұра мән-мағынасы өте зор. Әрбір кейіпкер әрекеті, мінез-құлқы патриоттық сезіммен ұштасқан.

Біз “Партизан қызы” повесі сияқты Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау, ел басына күн туған ауыр кезеңдерді баяндайтын шығармаларды насихаттай отырып, өз Отанын, жерін қорғайтын азамат болып өсуге тәрбиелейміз.

Қасым Қайсеновтың “Таңдамалылары” және Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” кітаптарын оқи отырып, соғыс тауқыметі мен қасіретін, от оранып, қан кешіп қол жеткізген Жеңістің бағасын терең түсінуге болады. Егер қаһармандық танытпаса, бүгінгі заман қандай болар еді, - деген бұлыңғыр ой келеді.

Бұл соғыс кезінде қазақ деген ел бар екендігі, ол елдің жаудан тайсалмайтын ер жүрек ұлдары, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздары бар екендігі дүйім елге әйгілі болды. Басқаны былай қойғанда, Бауыржан атаның батырлығы туралы сөз болғанда Сталиннің өзі “Ол қазақ па?” – деп қайран қалғаны көпке мәлім.

“... Табанда қорқыныш пен қобалжудан арылып, бойымда жауға деген ерекше бір өшпенділік сезімі пайда болды. Оның үстіне командирімнің: “Батылдық керек, бауырым. Сескенуге болмайды, сақ бол. Қазір бірден төмен құлдилап барып, бомбалап өтеміз. Сол кезде немістердің күлдері көкке ұшқанын көресің. Тек бір-бірімізден көз жазбайық...”. Бұл Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Ұшқыш Талғат Бигельдинов туралы Сайлаубай Толыбаевтың “Біздің Талғат” кітабынан үзінді.

Қасым Қайсеновтің “Жау тылында” деп  аталатын еңбегінде жергілікті халықтың Отанға деген сүйіспеншілігі, жауға қаталдығы, партизан отрядтары мен астыртын ұйымдарға көмегі нақтылы суреттеледі.

Кітаптағы шығармалар біздерді етжандылық рухта тәрбиелейді. Отан алдындағы қасиетті борышымызды сезінуге, жеңістің қандай қиындықпен келгенін түсінуімізге әсер етеді.

Ата-бабаларымыз сыйға тартқан бақытты өмірімізді қорғау әрбір саналы азаматтың борышы. Қан мен тер, мерт еткен өмір арқылы келген бостандық – тарихи  шындық. Ата-бабамыз, әже-апаларымыз салып кеткен дәстүрді берік ұстап, ел азаматы болу бүгінгі ұрпақтың қастерлі де бұлжымас абыройлы міндеті.

Әрбір саналы азамат өзінің елі мен жерін қастерлеп, оны шексіз сүюі үшін аянбай еңбек етіп, өзінің бойындағы қасиеттерінің бәрін соған арнайды, қорғайды. Ел-жұртын құрмет еткен азамат – халықтың ұлы, оның нағыз перзенті. Ерді ел тудырса, ер елі үшін туады. Бұрынғыдан келе жатқан нақыл сөз, дәстүр де солай. Елін сүйген ерді халқы сүйіп, оны ардақтайды. Ер болып туған азамат халқының тарихын, мұң-мұқтажын, дәстүрін қастерлейді. Азаматтық борыш адамгершілік, қадір-қасиеттермен ұштасады, оның адамдық тұлғасын бейнелейді.

Азамат болу – ел қамын ойлау. Ел қамын ойлау – Отанымыздың тарихи даму жолындағы қилы күресті басынан кешірген бабалар мен әжелердің жанқиярлық еңбегі мен күресінің өтеуі. Солар қорғап қалған Отанды қорғау, жер планетасының тыныштығын сақтау – Қазақстан Қарулы күштерінің азаматтық борышы.

                                                                                                                                                                                

                                                                                              

                 ҚОСЫМША

 

Жоғары әскери шен алғандар

 

Жәнібек Қошқарұлы (Шақшақ Жәнібек) (1693-1751) – Орта жүздің биі, батыр, торғайлық. Қазақтар ішінен тархан атағын (фельдмаршалмен тең) бірінші алған (1742)

Дәуітбай Жәнібекұлы– би, тархан атағы әкесінен Мұрагерлік жолмен берілген.

Есет Көкіұлы(1679-1749) – Кіші жүз батыры, ақтөбелік. Тархан атағын 1743 ж. алған.

Жәңгір Бөкеев(1801-1945) – Бөкей ордасының ханы, қазақтың тұңғыш генерал-майоры (1831)

Жәңгіров Ғұбайдолла(1840-1909) (Бөкей ордасынан) – Жәңгір ханның баласы, қазақ арасынан инфантерия генералы (генерал-лейтенант теңдес) атағын алғаш рет алған (1894) әскери ірі қайраткер.

Айшуақов Баймағамбет(1790-1847) (Батыс Қазақстан) – генерал-майор.

Баймағамбетов Мұхаметжан(1811-1896) – генерал-майор. Әкелі-балалы екеуі бұл атақтарды Исатай-Махамбет бастаған көтерілісті аяусыз басқаны үшін алған.

Шыңғыс Уәлиханов(1811-1895) (Көкшетау) – полковник, Шоқанның әкесі.

Шарманов Мұса(1819-1885) (Баянауыл) – полковник.

Нұралин Тезек төре(1879ж.( Жетісу) – полковник, ақын.

Орыс әскерінде алғаш қызмет еткен (1580-1590ж.шамасында) Сібір ханы Көшімнің немересі Мұхамедқұл мен қазақ ханы Тәуекелдің немересі Оразмұхамед. Екеуі де полк басқарған яғни полковник міндетін атқарған. Хиуадағы қазақ ханы Қайыптың ұлы Серғазы 1789 жылы Санкт-Петербург орыс армиясының секунд-майор қызметінде болған. Бұлар алғашқы қазақ әскери мамандары.

Көптеген адамдар полковник шенін алған. Олар Әли Әділов (Жетісу), Қоңырқұлжа Құдаймендин (Ақмола), Қаратай Нұралиев, Шыңғали Омаров, Мұхамеджан Таукин, Арслан Жантөрин, Әділ Бөкейханов, (бәрі де Батыс Қазақстан) тағы басқалар.

 

 

 

 

                                                                                                                ҚОСЫМША

 

 Мемлекеттік наградалар

 

Қазақстан Республикасында қандай мемлекеттік наградалар бар?

 

1995 жылы 12 желтоқсанда бекітілген “Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы” заңда (1999 жылдың 26 шілдесіне дейін Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығы деп аталған) көрсетілгендей мемлекеттік наградаларға:

1)  ең жоғары дәрежелі белгілер – “Алтын қыран” ордені және “Халық қаһарманы” атағы;

2)  ордендер;

3)  медальдар;

4)  құрметті атақтар;

5)  көп балалы аналарға арналған наградалар;

6)  Қазақстан Ресупбликасының Құрмет грамотасы жатады.

 

Ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілер кімдерге беріледі?

 

“Алтын қыран” орденімен азаматтар Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше қызметі үшін наградталады, сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы немесе КСРО орденінің біреуімен бұрын наградталған азаматтарға берілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының Президенті “Алтын қыран” орденінің иегері бола алады. Ал “Халық қаһарманы” атағы азаматтарға, Қазақстан Республикасы алдында сіңірген ерекше еңбегі, бостандық және тәуелсіздік мүддесін қорғауда көрсеткен батылдығы, ерлігі үшін беріледі. “Халық қаһарманы” атағына “Алтын жұлдыз” және “ Отан” ордені қоса беріледі.

 

Қазақстан Республикасында қандай ордендер бар, олармен кімдер наградталады?

 

Қазақстанда:

“Отан” (“Отечество”);

“Даңқ” – (“Слава);

“Барыс” – (“Барс”);

“Айбын” – (“Доблесть”);

“Парасат” – (“Благородства”);

“Достық” – (“Дружба”)

“Құрмет” – (“Почет”) ордендері бар.

 

“Отан”орденімен мемлекеттік және қоғамдық қызметінде экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, мемлекеттік құқық қорғау және әскери қызметтегі демократия мен әлеуметтік прогресті дамытуға айрықша еңбек сіңірген азаматтар наградталады.

“Барыс”орденімен Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен           егемендігін нығайту ісіне ерекше еңбек сіңіргендер марапатталады.

“Барыс” ордені 3 дәрежеден тұрады:

І дәрежелі “Барыс” 

ІІ дәрежелі “Барыс”

ІІІ дәрежелі  “Барыс”.

 

І дәреже орденнің ең жоғары дәрежесі болып табылады.

Наградтау ІІІ дәреже, ІІ дәреже және І дәреже ретімен жүргізіледі.

“Даңқ”орденімен Қарулы күштердің, республикалық ұланның, Президент күзет қызметінің, ішкі және шекара әскерлерінің командалық және басшы құрамдағы адамдары, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдарының басшы құрамындағы адамдары наградталады.

Орден екі дәрежеден тұрады:

І дәрежелі

ІІ дәрежелі

“Айбын”орденімен Қарулы күштердің, республикалық ұланның, Президент күзет қызметінің, ішкі және шекара әскерлерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қауіпсіздік. Ішкі істер органдарының қызметкерлері наградталады.

 

Орден:

-    жауынгерлік әзірлікте, әскерлердің жоғары жауынгерлік даярлығын іске асыруда және жаңа жауынгерлік техниканы игеруде, заңдылықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен халықтың мүддесін қорғауда қол жеткізген табыстары үшін;

-    әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін беріледі.

 

“Айбын”ордені үш дәрежеден тұрады:

І дәрежелі;

ІІ дәрежелі;

ІІІ дәрежелі;

Ең жоғарғы дәрежесі I дәреже болады. Наградтау мына ретпен           жүргізіледі: ең алдымен ІІ дәрежесі, содан кейін І дәрежесі беріледі.

І-ІІ дәрежелі “Айбын” ордендерімен офицерлердің кіші және аға

         құрамындағы адамдар наградталады.

ІІІ дәрежелі “Айбын” ордендерімен сарбаздар, матростар, сержанттар, старшиналар, прапорщиктер және мичмандар наградталады.

“Парасат”орденімен ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер           қайраткерлері, мемлекет, қоғам қайраткерлері наградталады.

“Достық”орденімен халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін наградталады. “Достық”  ордені екі дәрежеден тұрады.

І дәрежелі “Достық”

ІІ дәрежелі “Достық”.

Наградтау реттік ескерілмей жүргізілуі мүмкін.

“Құрмет”орденімен азаматтар экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білім беру ісін дамытуға сіңірген еңбегі және             белсенді қоғамдық қызметі үшін наградталады.         

 

Қазақстан Республикасында қандай медальдар бар?Олар қандай жағдайда беріледі?

 

Қазақстан Республикасында:

“Ерлігі үшін”

“Жауынгерлік ерлігі үшін”,

“Ерен еңбегі үшін”;

“Шапағат”медальдары бар.

 

“Ерлігі үшін”медалімен азаматтар:

-    адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайларда (суға кету, өртке душар болу, дүлей апаттар кезінде);

-    қылмысқа қарсы күресте көрсеткен ер жүректілігі мен жан қиярлығы үшін наградталады.

“Жауынгерлік ерлігі үшін”медалімен көрсеткен ерлігі үшін Қарулы   күштердің, республикалық ұланның, Президенттің күзет қызметінің, ішкі және шекара әскерлерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органының қызметкерлері  наградталады.

“Ерен еңбегі үшін”медалімен азаматтар экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін наградталады.

 

Қандай құрметті атақтар бар? Олар кімдерге беріледі?

 

Қазақстан Республикасында Құрметті атақтарға:

 

“Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы”;

“Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”атақтары жатады.

“Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы”атағы белгіленген ғарышқа ұшу бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырып, алдарына қойылған ғылыми-техникалық, зерттеушілік және тәжірибелік міндеттерді мінсіз орындаған азаматтарға беріледі.

“Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы республикаға сіңірген зор еңбегі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік саланың өкілдеріне беріледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер

 

Ахметжан Қ. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы. – Алматы: Алматыкітап, 2006. – 216б.

Бабаңнан саған не қалған!: Әдеби-этнографиялық таным. – Алматы: ЖШС Ол – Жас, 2003.- 104б.

Бекенов Қ. Тағдырымның жазғаны. – Қарағанды, 2002. – 237б.

Ерлік: Әскери әңгімелер жинағы. – Алматы: Жазушы, 1968. – 159б.

Кенжеахметұлы С. Жеті қазына: Жиған-терген.– Алматы: Ана тілі, 2005. –1-кітап. - 136б.

Жанайдаров О. Менің елім – Қазақстан. – Алматы: Балауса, 2003. – 160б.

Табылды Ә. Таңдамалы шығармалары.– Алматы: Балалар әдебиет баспасы, – 2006. – Т.3. Көңілді балалар. - 272б.

 

*   *   *            

 

Алтынбаев М. Кәсіби армия – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі //Егемен Қазақстан. – 2006. – 25 қазан. – (№260-263). – Б.4

Аманжолов К. Қазақстанның қарулы күштері //Қазақ тарихы. – 1999. - №3. – Б.14-19

Ахметжан Қ.С. Қазақтың ату құралдары //Қазақ тарихы. – 2004. -№5. – Б.15-20

Әбділда Б. Әскер – ел қорғаны // Алматы ақшамы.- 1997. – 17 қазан

Әлиханұлы Ж. №1 Халық Қаһарманы: Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен әңгіме //Егемен Қазақстан. – 2006. – 16 желт. – (№311-314). – Б.9

Әлімқұлов Қ. Еліміз қарулы күштерінің әскери киім нысандары //Ұлан. – 2005.- 4 қаңтар. – Б.6

Жеңіс жолының  жалғастығы: (4 мамыр – Қазақстан Қарулы Күштерінің туған күні. Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі армия генералы Мұхтар Алтынбаепен сұхбат; Әңг.Ж.Самрат //Егемен Қазақстан. -  2006. – 7 мамыр. - №97-99

Ибрагимов Ә. Қаһарман //Қазақ батырлары. – 2006. – қазан.- (№10). - Б.4-5

Қожа Ә. Иә, генерал Зайсанов Моңғолия әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болған //Егемен Қазақстан. – 2003. – 21 қырк. – Б.6

Смайылов Ә. Әлем елдері және әскери ынтымақтастық // Егемен Қазақстан. – 2006. – 6 желт. – (№300). – Б.3

“Ұлан” – ұлттың мақтаны: /Респубикалық  Ұланның атқарған істері жайлы бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік – құқықтық істер жөніңдегі орынбасары Фарид Махметовтың әңгімесі; Әңг: Д.Кенжалин // Егемен Қазақстан. – 2005. – 23 қазан. – (№238). – Б.6

Әлім А. Түсіме енді жастығым әскердегі: Поэзия //Алматы ақшамы. – 2000. – 24 мамыр. – Б.3

Махамбет М. Ұлан туралы не білеміз? //Жас Алаш. - 2002. – 30 наурыз. – Б.4

Құнантаева К., Бақаев Ә. Қазақстанның тұңғыш әскери академигі //Егемен Қазақстан. – 2006. – 17 мамыр. – (№107-108). – Б.4

Жұмабергенов Ж. Тәуелсіз елдің қыраны – Республика ұланы //Алматы ақшамы. – 2002. – 16 наурыз. – Б.2

Қазақстан Республикасының заңы. Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы //Заң. – 2005. – №11. – Б.5-22

Шағатай Ж. Қазақ әскерлері бүгінгі күнге сай ма? //Түркістан. – 2005.- 3 наурыз. – (№9). – Б.3.

     

 

 

 

Мазмұны

 

1.   Кіріспе – Қаһарман едің қарулы күштері..................................3

 

2.   Жалпы Мақсаттағы күштер......................................................3

 

3.   Қарулы күштеріміздің қаймағы – Республика Ұланы.............8

 

4.   Елбасы Н.Назарбаевтың қанатты сөздерінен........................10

 

5.   Ел деп туған – ерлер бар (мақал-мәтелдер).............................11

 

6.   Ән-жыр шашу.............................................................................12

 

7.   Қазақстандық патриотизм (қысқаша түсінік)..........................14

 

8.   Патриоттық тәрбие және Бауыржан Момышұлы..................15

 

9.   Әскер - әліміз, армия - абыройымыз

      (әдеби-музыкалық кеш)...........................................................17

 

10.“Сұңқар” әскери-ойын байқауы................................................21

 

11.“Жігіттің сұлтаны кім?”, саралаңыз..........................................29

 

12.Қосымша   Бабалар сөзі – тәрбие көзі......................................33

 

13.Қосымша   Қазақ елінің қаһармандық тарихы.......................41

 

14.Қосымша   Сарғайса да тарихтың ақ парағы,

      ол күндер мәңгі есте сақталады..............................................46

 

15. Қосымша  Жоғары әскери шен алғандар.................................50

 

16.Қосымша  Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік

      наградалар.............................................................................51

 

17.Әдебиеттер.............................................................................55

 

 

Тип работы: 
Тема реферата: 

Добавить комментарий