РефератСиыр малына қатысты тұрақты сөз тіркестерінің этнолингвистикалық сипаты

 

Қазақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай шежіресі бойынша олар малдың өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін әбден зерттеп білген. Қазақтың жерін малсыз елестету мүмкін емес. Сәлемдесудің басы «Мал-жан аман бадан» басталатынының өзі халық өмірінде малдың шешуші фактор, тіршілік көзі екенін көрсетеді. Кең сахарасында үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қой өсірген халықтың төрт түлік кисе – киімі, ішсе – тамағы, шөлдесе – сусыны, жүрсе – көлігі, жатса – төсеніші болған. Демек, қазақтың бүкіл тіршілік көзі төрт түліктің өсімі мен одан алынатын өнім түрлеріне байланысты еді. Сондықтан халқымыз төрт түлікті аса қадірлеп, қасиет тұтып, оларды барынша дәріптеп, бүкіл өмір тіршілігінің қуанышы мен ренішін, өзіндік дүниетанымын, рухани мәдени-өмірін, әдет-ғұрпын солармен байланыстырады.

Төрт түлік жұп, аша, айыр тұяқты және тақ, тік тұяқты болып бөлінгенімен, олардың бәрін қосып халық аяқты мал деп атайды. Малдың шығу тегі туралы аңыз көп. Солардың біріне құлақ ассақ, сиыр – судан жаратылыпты-мыс. Текті мал – киелі де. Халық аңызында сиыр малын көлденең кесірден, ауру-кеселдерден сақтайтын, өсіп-өнуін желеп-жебейтін қамқоршы пірлер бар. Сиыр малының қамқоршы пірі – Зеңгі баба. Сан ғасыр көшпенді дәуірде тұмыс-тіршілігі тікелей мал шаруашылығына байланысты өткен қазақ халқы төрт түліктің сыр-сипатын, қадыр-қасиетін жете біліп, ерекше қастерлеген, малды былапыт сөздер айтып балағаттамаған, теппеген, басына ұрмаған, сылап-сипап баққан. Жаман ырымға жорып малды санатпаған. Түйені келеге, жылқыны үйірге, сиырды табынға, қой мен ешкіні отарға топтастырып, төрт түліктің жалпы санын содан есептеп шығарған. Малдың шаруашылыққа қажетті өнімдік, күш-көліктік, т.б. қасиеттерін жетілдіру мақсатында үзбей бір ізділікпен сұрыптау жүргізіп, көрікті, сұлу, әсем асыл тұқымды өсірумен шұғылданған. Әсіресе, төл басына (алғашқы төлге) айрықша мән берген. Оларды іріктеп, барлық жағынан өскелең талапқа сай келген үлгілерінен тұқымдық ақ нар, боз айғыр, көк бұқа, көк қошқар өсірген. Аса бағалыларын сатпай, соймай, сыйға тартпай ерекшелеп, сетер атаған. Сиыр малын бағып-күту, шығынсыз өсіру оңай еместігін, малшының маңдай терін, қажырлы еңбегін, қиыншылықта төзімділік талап ететінін: «Сиыр бақтым – сидаң қақтым» мәтелі арқылы шаруа адамның зердесіне жеткізген.

Халқымыздың көшпелі өмірінде күш көлігі ретінде сонау ерте кезден пайдаланылып келе жатқан сиыр малының басқа қасиеттерін де бабаларымыз тым ерте білген сияқты. Археологиялық қазба материалдарының деректері бақташы елдің сиыр малының сүті мен етін азық етумен бірге оның терісін киім, еңбек құралы ретінде сол көне заманнан-ақ пайдаланып келе жатқанын дәлелдейді. Сиырдың сүтін ішіп қана қоймаған, одан қаймақ, май, ірімшік, құрт секілді тамақтың алуан түрін де дайындай білген. Ал терісін илеп, былғары жасаған. Қайысынан күш көлігін ұстап тұратын, салт мінетін арбаға немесе шанаға жегетін құрал-жабдықтар, әбзелдер әзірлеген. Жалпы, халқымыздың тарихына қатысты көне деректерге қарағанда, осындай ішкі қажеттіліктері үшін болмаса бұрынғы кезде сиыр малы байлықтың көзі ретінде онша көп өсірілмеген тәрізді. Тіпті бертінгі тарихтың өзінде ондай деректер көп кездесе бермейді. Көне көз қариялардың ескі кептен сыр шерткен шежіре әңгімелерінен де, мысалы, пәленшебайдың сиыры пәлен мыңға жетуші еді деп айтып отырғанын ести қоймаған секілдіміз.

Тип работы: 
Тема реферата: 

Добавить комментарий