РефератӨлең аудармасының теориясы мен поэтикасы

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Адамзат аударма арқылы араласып-құраласады. Біз өмір сүріп жатқан әлемнің іштей белгілі бір жүйеге құрылғандығы, адам тіршілігінің кез келген қимыл-қарекеті өзінше шағын жүйе екендігі, онсыз әлемнің тұтас жүйесі жасалмайтындығы белгілі. Адамзат тілдерінің арасында да коммуникацияның өз жүйесі, яғни трансляторы болуы керек. Тілдер арасындағы осындай байланыстырушы жүйенің ең қарапайым шешімі – аударма. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған факторлардың бірі деуге де болады.

 Аударма ұғымы – кең ұғым. Зерттеуде тек көркем аударма, соның ішінде поэзия аудармасы ғана сөз етілетін болады. Зерттеудің тақырыбындағы “өлең аудармасы” тіркесі нақты өлеңнің ғана аудармасы емес, “стихотворный перевод”, яғни жалпы өлеңмен жазылған көркем шығармалардың аудармасы деген тұрғыда қолданылып тұр.   

Көркем аударма – аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала. Көптеген зерттеушілердің аударма теориясы тұрғысынан көркем аударманы “Жалпы аударма” курсының дербес пәні ретінде қарастыруды ұсынатыны тегін емес. Олай дейтіні – көркем аудармада шығармашылық белгі-сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Ал поэзия аудармасында тәржімешіге мәтінді өзінше пайымдау, бажайлау тұрғысынан бөлекше жауапкершілік жүктелетіндіктен, аудармашыдан лингвистика мен аударма теориясы саласында жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушы­лық, стилистік дарын да талап етіледі. Жұмыста қазақ поэзия аудармасының арғы-бергідегі өткен жолы мүмкін болғанынша толық сараланып, теориялық тұрғыдан таразыланды.

Зерттеудің өзектілігі. Зерттеудің өзектілігі, біріншіден, Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қарым-қатынастар жүйесінің жаңа деңгейіне ауысуымен, екіншіден, жаһандану үдерісінің бүкіл әлемді қамтыған ауқымына орай аударманың біздің өмірімізде алар орны алдағы кезеңде айрықша арта түсетіндігімен байланысты.

Қазақ поэзия аудармасының арғы-бергідегі жүріп өткен жолын, бел-белестерін бажайлау, ізденістері мен іркілістерін саралау – ұлттың көркемдік ойының бүгінгі биігін бағамдаудың, алда алар асуларын белгілеудің бір жолы. Бұл жолға талдау жасау арқылы  тәржіменің халқымыз тарихында қандайлық қомақты орын алғанын ғана емес, сонымен бірге келешек замандарда атқарар рөлінің де бөлекше болатынын көрсете аламыз. 

Бүгінгі таңда аударма қазақ тіліне әлем әдебиетінің ең шоқтықты шығармаларын төгілте түсіру арқылы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асыруға ықпал жасай алады. Қазақ поэзия аудармасының мұндай кемелдікке келу кезеңдерін теориялық тұрғыдан тұжырымдай талдау оның келешектегі көркемдік көкжиегін кеңейту жолдарын қарастыруға септесетін болады.

Зерттеудің дереккөздері. Қазақ әдебиеттануы мен тіл ғылымында аударматанудың алар орны онша қомақты емес. Бұл төл топырағымызда тәржімеге қатысты зерттеулердің кенжелеп қалуынан орын алып отырған олқылық деуге де болмайды. Жалпы, аударматану әлемде ғылыми пән ретінде жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында ғана орнықты. Оның үстіне кешегі кеңестік кезеңде кез келген мәселенің негізгі, түйінді теориялық проблемаларымен түбірлеп айналысу Орталықтың еншісіне қалдырылатын да, ұлт республикаларындағы әдебиеттану ғылымының әлеуеті көбіне-көп ұлттық сөз өнерінің төл туындыларын талдаумен тежелетін. Аударманың халықтар достығының дәнекері ретіндегі қызметі алдыңғы қатарға шығарылып қарастырылғандықтан, тәржіме туындылары бәрінен бұрын әдеби байланыстар тұрғысынан сөз етіліп, аударма категориялары, нормалары, типологиясы, эволюциясы, өлең жүйесіне, өлшеміне әкелетін өзгерістері сияқты көптеген мәселелер екінші қатарға ысырылып қала беретін. Идеологиялық қағидалармен қабыспауына байланысты ол кезде діни сипаттағы нәзиралық дастандар, көптеген ғашықтық, батырлық қиссалар жарияланған жоқ, сондықтан тәржіметану тұрғысынан талданған да жоқ. Соның өзінде де негізін Мұхтар Әуезов қалап берген қазақ аударматануы қалыптасып, С.Талжанов, Ө.Айтбаев, Н.Сағындықова, Ә.Сатыбалдиев, З.Тұрарбеков, С.Нұрышев, М.Жанғалин, С.Сейітов сияқты аударма мәселелерімен тікелей айналысқан ғалымдар, қаламгерлер шықты, аударма мәселелерін қарастырған С.Талжанов пен Н.Сағындықованың, әдеби байланыстар проблемаларына арналған И.Ғабдировтің, Қ.Кереева-Қанафиеваның, Ө.Күмісбаевтың, А.Қыраубаеваның докторлық диссертациялары дайындалды, бұл тақырыпқа арнаулы зерттеулер жазбағанымен, аударма мәселелері ғалымдарымыз, әдебиетшілеріміз, ақын-жазушыларымыз Ғ.Мүсіреповтің, З.Ахметовтің, Ш.Сәтбаеваның, М.Қаратаевтың, З.Қабдоловтың, Қ.Нұрмахановтың, С.Қирабаевтың, Ш.Елеукеновтің, Р.Сыздықованың, Р.Нұрғалидың, А.Егеубаевтың, Ж.Дәдебаевтың, тағы басқалардың еңбектерінде, сын кітаптарында, мақалаларында дәйім қозғалып отырды. 2007 жылға дейін филология ғылымдарының әдебиеттану саласы бойынша аударма мәселелерін сөз еткен 2 докторлық, 28 кандидаттық диссертация қорғалғанының өзі қазақ аударматануының біраз асуларды алғанын көрсетеді. Орыс және алыс шетел ғалымдарының әдеби байланыстар мен көркем аударма проблемалары бойынша теориялық еңбектері кейінгі жиырма шақты жылдың ішінде тың ізденістермен толыға түсті. Кезінде аударма теориясының іргелі зерттеулері ретінде мойындалған бірқатар туындылармен қатар, олар да осы жұмыстың арқауы ретінде ұсталды. 

ВложениеРазмер
Microsoft Office document icon olen_audarmasynyn_teoriyasy_men_poetikasy.doc245.5 КБ
Тип работы: 
Тема реферата: 

Добавить комментарий