РефератШәкәрім қажы мен голландық Альвин Бимбоэс

 

Жауыннан соң байтақ даладан жамырай бері жүгіретін сансыз жылғалар Есіл өзенін жаз бойы әлдерінше молықтырып жатады. Ақмоланың көшелерінен көте­рілетін шаңнан тұншыққан жұрттың еркін тыныстайтын жері де осы маң. Үнемі үс­тінен қызыл әскер киімін тастамайтын Альвин Бимбоэстің де Ақмола политотделіндегі күндізгі нұсқаушылық жұмысынан соң, хал-қадерінше дем алатын маңы осы өзен жағалауы...

 

 – Шәкәрім ақынның тек Шығыстың ғана емес, Еуропа философтарының да еңбектерінен хабардарлығы таңдандырады, — деді Альвин кешкілік серуенге өзімен ере шыққан, біраздан бері “Музыкалық этнография” еңбегіне қазақ музыкасы туралы деректер жинап жүрген омбылық ғұлама Финдейзенге жүзін бұрып.

 

 – Ол 1906 жылы қажыға барып, қайтар сапарында айға жуық Мысырдың, Ыстамбұлдың кітапханаларын армансыз аралапты. Сол жолы еуропалық философтардың да еңбектерін қаржысы жеткенше сатып алып, Семей шаһарында тұратын туысы Әнияр Молдабаевтың атына поштамен салып жіберіп отырған деген әңгімені ақынның жақын туысы Әбдіғали маған да айтқан, Альвин Эрнестович!

 

– Семейдің Шақпақ деген жеріндегі жаңадан салдырған үйінде былтыр жолыққанымда Шәкәрім өзін 64 жастамын деген. Сонда да, еңсесі тік, қимылы ширақ, жанарлары отты екен. Көп білетін, өмірдің мән-мағынасына зерек жан екенін аңғарғандай болғанмын. Бірақ, оның неліктен Лев Толстойдың кейіпкері Сергий пірәдәрша сайын далада елден жырақта, жалғыз тұрып жатқанын түсінбедім. Бұл жайында ақыннан бажайлап сұрауды да ретсіз көрдім, — деді Альвин әңгіме арқауын ширата түсіп...

 

 *  *  *

 

...Ақмола политотделіне қазан төңкерісінен бір жыл өткенде, яғни, 1919 жылдың соңында жұмысқа келген голландық марксшіл Альвин Эрнестович Бимбоэс өзінің негізгі қызметіне қоса, қолы бос уағында қазақ әндерін жинап, нотаға түсірумен айналыса бастаған. Бірде Семейге іссапармен барған Альвин сондағы политотдел қызметкерлерінің бірінің таныстыруымен Қабыш Керімқұлов есімді әншімен әңгімелескен.

 

– Атақты ақын Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы – Шәкәрімнің ғажайып әндері көп. Тыңдасаңыз, соның бірер нұсқасын орындап берейін – деген сол жүздесуде ол, тоқыма қапшығынан кішкене домбырасын қолына алып. Елгезек азамат Альвинге ақынның екі әнін шырқаған. Дауысы ашық, бірақ, асқақтата көтеріп, ән ырғақтарын құбылта бастағанда үнінің тынысы жетіңкіремей, үзіліп қала береді екен. Дегенмен, дала композиторының туындысынан ерекше табиғи тазалықтың лебін сезінгендей болған Бимбоэс Қабышқа енді ақынның өзімен жүздестір деп, жатып жабысқан. Алғашында әскерше киінген биліктің адамынан ат-тонын ала қашқан Қабыш, сөйлесе келе, оның қажыға зияны болмасына көңілі сенгендей болып, араға екі күн салып, лау жалдап, Альвинді Семейден едәуір қашықтықтағы Шақпаққа бір тәулікте жеткізген.

ВложениеРазмер
Microsoft Office document icon shkrim_kazhy_men_gollandyk_alvin_bimboes.doc50 КБ
Тип работы: 
Тема реферата: 

Добавить комментарий